Өйткені көшбасшысы түнде көз ілмей, күндіз байыз тауып отыра алмай, үнемі ізденіс, талмай талпыныс танытса ғана мемлекеттің абыройын асқақтатып, беделін биіктетеді. Елінің бейбітшілігі мен бақуатын бекем етіп, тұрақтылығы мен тәуелсіздігін нығайтады.
Ел тілегін басшылыққа алған көшбасшы
Осыдан тура бір жыл бұрын, 2022 жылғы 26 қарашада, елдің төрі елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның жаңа сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.
Бұл шынында, қазақ тарихының алтын қорына қосылған ірі оқиға болды. Өйткені дәл осы күні Қазақстан тарихында тұңғыш рет «7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер» мәртебесіндегі Президент қызметіне кірісті.
Содан бергі өткен 1 жылда халқымыз басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен бас тартып, мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшкен жаңа Қазақстанда өмір сүруде. Қ.Тоқаев Қазақстанның кейінгі лидерлері санасына сіңіріп, құлағына құйып алуға тиіс жаңа қағиданы тарихқа «қашады»: «Президент әулие емес, ол ел мен жердің киесі – халыққа қалтқысыз қызмет ететін мемлекеттік басқарушы».
Мемлекет басшысы кейін, 2023 жылғы 17 маусымда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында қазақ елінің бұдан былайғы билеушілерінің мәртебе-миссиясын тұжырымдап берді.
«2022 жылы жасалған реформалардан кейін Қазақстан Президенті мемлекеттік басқарушы, яғни Конституцияда көрсетілген 7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер ретінде қызмет ететін болады. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес. Алайда қоғамымыз Мемлекет басшысына құрметпен қарауы, саяси көзі ашық, жауапкершілігі жоғары азаматтар ретінде оған ой-пікірін, ұсыныстарын айтып отыруы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Басшы білікті болса, заман ағымынан озық қызмет етсе ғана еліміздің ертеңі жарқын болмақ. Сонымен бірге Президент алдағы әрбір әрекетін, атқарар шаруаларын халқымен өзара ақылдаса отырып, жүйелі жүргізуі тиіс. Бұл тұрғыда да Мемлекет басшысы ұлағатты үлгі көрсетіп отыр.
Мысалы, былтыр Қазақстан Үкіметі атом электр стансасын тұрғызу мәселесін пысықтауға білек сыбана кіріскелі солтүстік көрші АЭС салу қызметін тықпалай бастады. Түрлі саммит-форумда РФ басшысының өзі қазақстандық атом стансасын Ресей салса, мұның екі елдің ынтымақтастығын күшейтер жобаға айналатынын бірнеше рет нықтады. Қазақстан Президенті бұл мәселеде ешбір сыртқы күштің жетегінде кетпейтінін, тек өз халқының пікірін ұлық тұтатынын ашық білдірді.
«Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де, АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қарашада ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбатында.
Ол 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында бұдан былай аса маңызды стратегиялық проблемаларға қатысты шешімді референдум арқылы қабылдауға уәде берген еді. Сол сертін сақтап, сөзін берік ұстанып келеді. Осы орайда Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында: «АЭС салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн», – деп жариялады.
Қайғыда да, қуанышта да – халық ортасында
Көшбасшы жалқау болып, кежегесі кейін тартып тұрса, ұлттық мүддені ілгерілету, елді өркендету жолында саусағының ұшын да қимылдатпаса, мемлекеттің соры сол. Бұл ретте Көк түрік бабамыздың өсиетіне адалдық танытқан ел Президенті осы өткен бір жыл ішінде әлемнің біраз елін өзі аралады. Төл сарайында қаншама шет мемлекеттің делегацияларын ұдайы қабылдады. Сағаттарға созылған, тағатты таусылтқан, жан жүдетіп, тән шаршатқан күрделі, күрмеулі келіссөздерде ұлт ұпайын түгендеу үшін тынымсыз еңбек етті.
Нәтижесінде, Президенттің жұмыс кестесі тығыз, жұмыс тәртібі қауырт болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық дерлік облысқа сапарлады. Оның барысында ауыл-аймақтың қордаланған мәселелерін шешу жайы пысықталды, жаңа жоба-жоспарлар түзілді, тың міндеттер қойылды.
28 қазанда Президент Қарағанды облысының Теміртау қаласына арнайы барып, «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты Костенко атындағы шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді. Құтқару жұмыстарын, қаза тапқан шахтерлердің отбасыларын әлеуметтік қолдау, зардап шеккен азаматтарға медициналық көмек көрсету, апат салдарын жою мәселелерін жеке бақылауына алды. Шахтадағы жарылыстан 46 адам мерт болды, тағы 24 адам жараланды.
Биылғы маусымда Президент Абай облысындағы алапат өртке қатысты жағдайды да өз бақылауына алды. 11 маусым күні Қ.Тоқаевтың өзі облысқа жұмыс сапарымен барып, өртеніп жатқан орман алқабын тікұшақпен аралап шықты. Үкіметке және аймақ әкімдігіне қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажет көмекті көрсетуді жүктеді. Апат салдарынан 14 орманшы және бір тракторшы қайтыс болды. 60 мыңдай гектар орман өртеніп кетті.
Екі қайғылы оқиғаға байланысты Президент елде Аза тұту күнін жариялады.
Стратегиялық серіктестік тілдесуден басталады
Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір жыл ішінде АҚШ, Қытай, Түркия, Сауд Арабиясы, Въетнам, Ресей, Орталық Азия республикаларына және әлемнің өзге де елдеріне сапар жасады.
Қазақстан лидері шетелдік әрбір сапарында тек ресми бағдарламасымен шектелмей, сол елдің бизнес өкілдерімен, ірі инвесторларымен, беделді компанияларының басшыларымен кездеседі. Бизнес форумдар, іскерлік топтардың дөңгелек үстелдерін, жеке жүздесулерді өткізеді.
Бұл – елге инвестиция тартудың, сол арқылы елдің әл-ауқаты арттырудың қамы.
Қ.Тоқаев 28 қыркүйекте Берлин қаласында Еуропаның лидері саналатын Германияның канцлері Олаф Шольцпен кездесті, соңынан қос лидер «С5+1» форматындағы «Орталық Азия мен Германия» саммитіне қатысты. Германияның Орталық Азиямен жалпы сауда-саттығы қарқынды дамып келеді және 2022 жыл қорытындысында 11 миллиард долларды құрады. Оның 80%-дан астамы Қазақстанға тиесілі. Сапар нәтижесінде Қазақстан ГФР-ға жалпы сомасы 850 миллион доллар болатын тағы 100 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға уағдаласты. Бұл жерде мұнай химиясы, металлургия, тамақ өнеркәсібі өнімдері туралы сөз болып отыр.
3 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Соңыра бауырлас қос мемлекеттің көшбасшысы Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитін өткізді. Мына ғажапқа назар аударыңыз: Қазақстан мен Түркияның екіжақты тауар айналымы 2022 жылы бірден 54 пайызға өсіп, 6,3 миллиард долларға жетті. Осы көрсеткішті қос президент 10 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұрын ондықтан ары аулақтап жүретін Түркия енді еліміздің негізгі сауда серіктесінің төрттігіне еркін кірді.
Мұнымен тоқтап қалмай, өзара жан-жақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін елдер саяси диалогті нығайтуға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдетуге баса мән береді.
Жалпы, осы кезеңде түркі әлеміне жататын елдердің ықпалдастығы да қарқынды түрде артқанын айтуға болады. Түркітілдес мемлекеттердің басшылары жиі бас қосуды дәстүрге айналдырды. Кейінгі жылдары ішкі саясатымен тұйықталған Ғұнгерия (Hungary) басшылығы Көк түріктен тараған төркіні бір елдердің қатарына қайта тартылды. Мұны да Қазақстан лидерінің дипломатиялық жетістігі санауға болады. 2 қарашада Мажарстан Премьері Виктор Орбан Қазақстанға сапарлады.
«Қазақ пен мадияр – ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз», – деген Қ.Тоқаев екі елдің тарихи тамырластығы және тығыз байланыстары бүгінде қарым-қатынастарды тереңдетуге негіз болғанын атап өтті.
Қазақстан мен Мажарстан (Венгрия) өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізуге келісті. Тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, туризм салаларындағы байланыстарды дамытады.
Еліміздің сыртқы саясатындағы биылғы жылдың басты бір жаңалығы – Еуропалық одақтың тағы бір лидерінің басшысының 1 қарашада елімізге сапарлауы болды. Франция президенті Эмманюэль Макрон қазақ еліне тұңғыш рет келді. Қ.Тоқаев айтқандай, бұл алғашқы ресми сапары өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік жасады. Өткен отыз жылда Франция қазақ экономикасына 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция салыпты. Алда бұл сома екі еселенуі мүмкін.
Тараптар жасыл энергетика, соның ішінде уран, логистика, транзит, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру, білім беру салаларындағы алдағы ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындады. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ-француз университеті өз жұмысын бастайды. Францияның Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институты (INALCO) қазақ тілін оқытуды қайта жандандырады, Қазақстан оның қазақ тілі мен мәдениетін ілгерілету жоспарларын қолдамақ.
Мұның сыртында Қ.Тоқаев биыл Корея Президенті Юн Сок Ёльмен, Кения Президенті Уильям Рутомен, Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Португалия президенті Марселу Ребелу де Соузамен, Черногория президенті Яков Милатовичпен, Румыния президенті Клаус Йоханниспен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен, Кувейттің Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабахпен, Албания президенті Байрам Бегаймен, Иран президенті Ибрахим Раисимен, Эстония президенті Алар Кариспен, Финляндия президенті Саули Ниинистёмен, Словения президенті Наташа Пирц-Мусармен, Орталық Азия елдерінің және басқа мемлекеттердің басшыларымен жүздесіп, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін пысықтады.
2023 жылғы 20 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйледі. 2023 жылғы 24 тамызда БРИКС саммитіне қатысты.
Көршілер тату болса, аймақта бақ орнайды
Мемлекет басшысы Батыс державаларымен бірге, көрші Қытаймен арадағы ынтымақтастықты дамытуға да баса көңіл бөліп келеді. Соның ішінде Қазақстанның, мысалы, қазағы қалың тұратын Шыңжаң өңірімен ықпалдастығын өрістетуі назар аудартады. Мысалы, биылғы 18 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында Үрімжі қаласына келіп, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті. Мемлекет басшысы сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген бағыт бойынша өзара қарым-қатынастың нәтижелерін жоғары бағалады.
Қазақстан бұл аймаққа сататын металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын, сондай-ақ агроөнеркәсіп және азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайтуға дайын. Қазақстанның шекаралас 4 облысы мен Шыңжаң өлкесі арасында тығыз байланыс орнады. Еліміздің Шыңжаңмен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 87% өсіп, 8,5 миллиард долларды құрады.
Қазақстан Президенті 18 қазанда Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысты. Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, Қазақстан соңғы 15 жылда осы мақсатта 35 миллиардтан астам доллар құйды. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа–Батыс Қытай магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Нәтижесі ғаламат: бүгінде Қытайдан Еуропаға қарай жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан арқылы өтеді.
Яғни, бұл істе шың елі ұлы дала еліне тәуелді. Сондықтан Қытай Қазақстанда тұрақтылық пен бейбітшілік болуын қалайды. Сол себепті сапар аясында биік мәртебелі мейманына барлық қошеметін көрсеткен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин: «Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды толықтай қолдайды», – деп жариялап, кепілдік берді.
Осы бір жыл ішінде қос көрші арасында ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Қытаймен алыс-берісті арттыра түсу үшін Қазақстан 3 жыл ішінде 1 300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарын салуға ниетті. Тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастықты дамытуға уағдаласты.
Батыстық ақпарат құралдары мен сарапшылары осы бір жыл ішінде Қазақстан Президентінің Ресей басшысы В.Путинмен бес рет кездескеніне таңданады.
7 қазанда Мемлекет басшысының Қазақстан аумағы арқылы Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсіміне қатысуы атаулы оқиғаға айналды. Бұл жоба барлық қатысушы тараптың мүддесіне сай келеді. Қазақстан өз аумағындағы магистралды газ құбыры арқылы өзбек ағайындарға жылына 3 миллиард текше метрге дейін ресейлік көгілдір отынды айдап, транзиттен табыс табады. Көршінің арзан газын өз экономикасы мен бизнесін дамытуға пайдаланады. Бұл Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға септігін тигізеді.
Қоңсы қонған ел – іргелес пәтердегі көрші емес: қалаған кезде түп көтеріліп көше алмайсың. Қазақ мұны «Құдай қосқан көрші» атайды. Қ.Тоқаев Батысқа тісі батпай, аласұрып, көршілерімен қан майданда арпалысқан Мәскеуді сабасына түсіріп, қазақ елімен татулыққа иліктіре алды. Қазақстан және Ресей ортақ тарихқа, берік достыққа, өзара құрмет пен сенімнің құндылықтарына сүйене отырып, көптеген сала бойынша өзара мүддені жүзеге асырудың тиімді жолын таба алды.
Геосаяси ахуалы ушығып, шиыршық атып, ширыққан әлемде қазақ елінің ешкіммен дауласпай, жауласпай, алыс-жақын елдермен тату көршілікте, жарастықта тұруының өзі жетістік. Қазақстан көшбасшысы бұған тоқмейілсімей, күрделі заманда әр елмен ынтымақтастығын өрістетудің, өрге сүйреудің де жолы мен жөнін таба білді.
Айхан ШӘРІП