Жапон аниматоры әрі режиссері Макото Синкай аталмыш туындысы хақында осылай деген еді. Шын мәнінде, бар-жоғы 40 минутқа созылатын қысқаметрлі аниме бұл мақсатын асыра орындады. Онда әдеткі тұрмыс-тіршілікке әбден еніп кеткен «жаттанды» сезім жайлы емес, сүю мен сүйікті болудың басқа пішіні көрініс табады. Алдымен қысқаша баяндайық...
Бас кейіпкерлер – Такао мен Юкари Юкино. Алғашқысы 15 жастағы мектеп оқушысы, болашақта аяқ киім дизайнері болуды армандайды. Ал Юкари 27 жастағы сұлу, еркін әрі жұмбақ әйел. Жұмбақ дейтінім, фильм бойы Такаоның кім екені және нені армандап, неден қорқатыны жайлы ақпарат беріледі де, ал Юкари картинаның соңына дейін құпияға толы күйінде қалады. Туынды желісі жасыл желек толы бақтағы самалжайдың бірінде өрбиді. Такао жаңбырлы күндері сабақтан қашып, осы бақшаға келіп, жаңа аяқкиім үлгісін жасағанды ұнатады. Сондай «дәстүрлі» күндердің бірінде сыры мен сымбаты келіскен Юкариге жолығады. Жаңбырлы маусым аяқталғанға дейін қос ғашық жүрек осы бақта кездесіп, сырлас болып жүреді.
Синкай – сезімді шебер суреттейтін сценарист. 27 жастағы Юкари мен 15 жастағы Такаоның жас алшақтығына қарамастан, олардың арасында қандай да бір сезім болғанына сенесің, сендіреді. Екеуінің бір-біріне ынтықтығын әдемі баяндалатыны соншалық, жауын тоқтамаса екен, жаңбырлы маусым аяқталмаса шіркін деген тілекте боласың. Кейін белгілі болғандай, Юкари – мұғалім, ол Такао оқитын мектепте жапон әдебиетінен дәріс оқиды. Ересектігі бар, ұстаздығы бар, өзінен 12 жас кіші бозбаламен сезім құруы әсте мүмкін емес-ті. Әйтсе де, екеуінің үнсіз ұғынысуы, сезіммен сырласуы, өздеріне ғана ортақ әлем жасай алуы болашағы болмас қарым-қатынасқа тілектес етеді.
Синкай – шебер, бар-жоғы 40 минутта көрерменнің өзін бірнеше сезімге бөлейді. Фильм кейіпкерлері алғаш кездескенде олардың қарым-қатынасына, көбіне-көп жас айырмашылығы үшін іштей наразы боласың. Одан соң екеуінің сырлы сезіміне тәнті болатының соншалық, жаңбырлы маусымның бітіп қалғанына ренжисің. Кейін қос жүректің тәуекел етіп, бірге болуға тырысқаны үшін бұртиып қаласың, тағы сол жас алшақтығы кедергідей көрінеді. Соңында бір болудан бас тартқанына налисың, күреспесе, түрлі кедергіні жеңе алмаса, несі махаббат дейсің. Такао: «Маған шынайы сезімің болмағанын білсем, саған дәптерімді көрсетпес едім ғой» дегенде өз басың ең асқақ арманыңмен бөліскенің үшін өкінгендей күй кешесің. Әйтсе де, бұл фильм – «кой» – махаббаттың қайғы-мұң, жалғыздық сипатын ұғындырмақ болды.
Аталмыш анименің өзіне баурап алатын, тіпті сан мәрте тамашалауға ынтықтырып, тәуелді ететін тағы бірнеше тұсы бар. Табиғаттың көркем көрініс табуы – «Парк пейзажы – фильмнің толыққанды кейіпкері. Ал жауын-шашын тіптен бас кейіпкер – қос жүректің түрлі сырының куәгері һәм екеуді байланыстырушы басты себеп», – дейді Синкайдың өзі. Макото жауын-шашынды ерекше ұнататын режиссер, оның барлық дерлік туындысында жаңбырлы маусым көрініс табады. Десе де, бұл шығармадағы жаңбырлы маусымның жөні бөлек, онда философия бар. «Kotonoha no Niwa – алдымен махаббат жайлы емес, жауын турасындағы хикая. Дәлірек айтқанда, жаңбырлы күндерді бастан кешіру жайын баяндайды. Мәселен, менің кейіпкерлерім жиі кездесетін самалжай олардың басына түскен проблеманың аяқталуын, яғни жауынды кезеңнің бітуін күтетін орын ғана, әрі қарай әркім өз ісімен кетеді. Меніңше, әр адамның өмірінде жаңбырдың қойғанын күтетін осындай орны болғаны өте маңызды»,– дейді автор.
Бұдан бөлек, фильмнің лирикалық бояуын қанық қылатын музыкасы (пианино, ішекті аспаптар, тіпті барабанның үні мен үндесуін шебер орындағы Дайсукэ Касивидің шығармалары), графикасы, дизайны тәнті етпей қоймайды. Оның үстіне, Макото – адам болмысын әртүрлі детальмен ұтымды баяндайтын режиссер. Мәселен, аяқкиім үлгілерін шимайлап жүретін дәптерін көрсету арқылы Такаоның ұқыпты, арманшыл, ұялшақ оқушы екенін, ал үнемі сыра ішіп, шоколод жеп отыратын, яки бақтағы орындыққа қарғып мініп, аяғының үлгісін сызуды ұсына қоятын Юкаридің болмысы бөлек, өзгеге ұқсамайтын еркін әйел екенін ұқтырғандай болады. Бір сөзбен айтқанда, саф сезімге тұнып тұрған сырлы хикая.
NooNAH