Осылайша, бойжеткен әкімшілік құқықбұзушылық үшін Қазақстан заңнамасында көзделген жазадан құтылмақ болған.
Көлікті мас күйінде айдаған қыз полицияны жүктімін деп алдаған
2,350
оқылды

Талдықорған қаласында көлігін мас күйінде басқарып қана қоймай, жол сақшыларын жүктімін деп алдаған қызға қатысты қылмыстық тергеу басталды,  - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жақында көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған Талдықорған қаласының 24 жастағы тұрғыны сотқа жүктілігі туралы жалған медициналық анықтаманы ұсынған. Осылайша, бойжеткен әкімшілік құқықбұзушылық үшін Қазақстан заңнамасында көзделген жазадан құтылмақ болған. Жалған құжатты пайдалану арқылы сотты алдау фактісі прокурорлық тексеріс барысында анықталды.

Айта кетейік, жақында патрульдік полиция қызметкерлері қатты мас күйінде Haval көлігін басқарған 24 жастағы қызды ұстаған. Медициналық сараптама қыздың мас болғанын растады. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша хаттама толтырылды.

Бұл баптың санкциясында 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі жаза қарастырылған. Алайда сотта ол қамауға алу түріндегі жазадан құтылу мақсатында жүктілігін растайтын медициналық анықтаманы ұсынды.

Әкімшілік жазадан жалтару әрекеті қыздың жағдайын одан әрі қиындатып жіберді, енді ол қылмыстық заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы  3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, ол бап бойынша аса ірі көлемдегі айыппұл салу, түзеу жұмыстарына не қоғамдық жұмысқа тарту, немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.