"Жауабы бар" бағдарламасына қонақ болған дін маманының сөзінше, намаз оқуды үйреніп кеткенше, күніне бір уақыт намаз оқуға болады, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол намаздың әрбір мұсылман адамға парыз амалы екенін еске салды. Сондықтан кейбір кісілер бастапқы уақытта, мысалы, намазды енді бастап жатса, үйреніп алу үшін бір уақыт намаздан бастаса да болады.
"Белгілі бір намазды үйреніп, қандай дұғалар айтылады және қандай сүрелер оқылатынын біліп алған жөн. Ал егер бұрын-соңды оқып-білетін адам болса, ол кісіге толық бес уақыт намазды оқыған дұрыс. Оқу керек. Оқу – парыз. Мысалы, үйдің төрт қабырғасы және шатыры болады. Ал егер тек бір қабырғасы тұрса, бізге мұндай үй жылу бермейді”, – дейді ол.
Оның сөзінше, сол секілді намазды да толыққанды бес уақыт оқитын болсақ, намаздың пайдасы болады және парыздығы да мойнымыздан түседі екен.
“Бұл жайлы Пайғамбарымыздың хадисінде де кездеседі. Бір кісі Пайғамбарымыздан ислам жайлы сұрап келген кезде ол ислам адамға бес уақыт намазды толық оқуға бұйырады дейді. Бұл бес уақыт намаздан басқа менің міндеттерім мен парыздарым бар ма деп сұраған кезде, ол жоқ деп айтады. Енді шамаң келсе, нәпіл намаздарын оқы дейді.
Сондықтан бізге, әрбір мұсылманға бес уақыт намазын толық оқу міндет", – дейді Ерғали Байділдаев.