Жантүршігерлік оқиға жәбірленушінің әріптестерінің көзінше болған.
Әйелін пышақтаған ақтөбелік ер адам сотталды
Фото: fishki.net
693
оқылды

Оқиға Хромтаудағы банк бөлімшелерінің бірінде болған. Ер адам мас күйінде банкке барып, сол жерде кеңесші болып істейтін әйелін пышақтап кеткен. Ол жәбірленушінің кеудесі мен иығына соққы жасаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz «Диапазонға» сілтеме жасап.

Пышақтың жүзі сынып, әйелінің иығында қалып қойған. Сонымен қоймай қаскүнем оның денесі мен басына ауыр соққылар жасап, артынша өзі қашып кеткен. Жантүршігерлік оқиға жәбірленушінің әріптестерінің көзінше болған. Кейін әйел ауруханаға жеткізілді.

Ал өз әйеліне шабуыл жасаған ер адам кісі өлтіруге оқталғаны үшін айыпталды. Жәбірленуші әйел олардың баласы бар екенін, күйеуінің ішімдікке құмарлығын, шөп шегетінін және әйелді анасын өлтіремін деп қорқытқанын айтты. Осы ретте ол күйеуіне кешірім беруден бас тартып, соттан оны бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ал сотталушы әйелін өлтіргісі келмегенін, керісінше, ол отбасын сақтап қалғысы келгенін айтып ақталған. Сот отырысы барысында прокурор тағылған айыпты «Кісі өлтіруге оқталудан» «Пышақ қолданып бұзақылық жасауға» өзгертті.

Сот ер адамға қоғамдық орында, жұмыс уақытында әйеліне пышақпен шабуыл жасап, денсаулығына жеңіл зиян келтіруді бұзақылыққа жатқызуға болатынымен келісті. Осылайша, ол бұзақылық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Үкім жарияланған кезде олар ажырасқан.