Сайысқа жүзден аса құсбегі жиналды.
«Шығыс Салбұрыны-2023»: жүзден аса құсбегі жиналған сайыс
Берік Уәлидің facebook парақшасынан алынды
1,231
оқылды

Өткен демалыс күндері Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бозанбай ауылы маңындағы Бүркіттөбеде «Шығыс Салбұрыны-2023» халықаралық фестивалі өтті. Сайысқа 100-ден аса құсбегі жиналды. Екі күн бойы аң аулап, сұңқар салудан ғана емес, тазы жүгіртіп, асау атты үйрететін жігіттердің де шеберлігі сыналды.

Негізі Шығыс Салбұрыны фестивалі өлкеде осымен үшінші рет өтіп жатыр. Әу баста фестиваль тек облыстық деңгейде өтпек болған. Алайда аймақ әкімдігінің қолдауымен бұл сайысқа шет елден құсбегілер мен саятшылар шақыртылды. Атап айтсақ, турнирге Қытай Халық Республикасы, Моңғол Халық Республикасы, Ресей және Қырғызстанның спортшылары қатысты.

 – Ежелгі заманнан бері құстармен аң аулау өнері қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмысына ғана емес, қанына енгені белгілі. Осыны тірілту мақсатында мұндай жарыстарды өткізуді қолға алдық. Сөйтіп, ел ішінде ғана емес, қоғамда ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттырмақпыз, – дейді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Іріктеу кезеңінде жыртқыш құстар 700 метр қашықтықтан иесінің шақыруымен ұшып, сол кезде ителгіні шырғаға салудан сынға түсті. Жартылай финалда қояндарды еркін ауласа, финалда түлкі аулауға шықты. Ал сұңқар мен қаршығаның көгершін аулауын тамашалауға мүмкіндік туды. 

– Сайыс жоғары деңгейде өтті. Бұл – мақтантұтарлық дүние. Себебі, аз да болса да ұмыт болған салт-дәстүрімізді жаңғыртып, дамытып, дәріптеліп жатқанына қуаныштымын. Қатысушылардың барлығы дерлік қыран құсты қолға шақырып, еркін ұшыртты. Бүркітті шырғаға, қоянға, түлкіге ​салу сынды талаптар да орындалды. Алдағы жылы фестивальдің ауқымы бұдан да кеңейді деп сенемін, – дейді бүркітші Айшолпан Нұрғайып.  

Фестивальдің ерекшелігі – қазақтың тазы тұқымды иттерінің 1000 метрге жүгіруі және асау жылқыларды қолға үйрету еді.

Нәтижесінде Алматы облысының тумасы Алмас Сейітжан турнирдің үздік бүркітшісі атанды. Екінші және үшінші орындарды Жамбыл облысының өкілдері Серікболсын Жалғасұлы мен Болат Нұрдос иеленді. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының бүркітшісі Жұмағұл Ерсұлтан 4-ші орынды иеленді. Алматы облысынан Мұрат Көдеков үздік бестікті жапты. 

Қаршыға сайысында алғашқы екі орынды шығысқазақстандық Ғалым Самғат (1-орын) және Байетбай Ермұхан (2-орын) жеңімпаз атанды. Жүлделі үштікті Алматы облысынан келген Сейтжан Аян түйіндеді. 4-орын Ресейден келген Константин Тихоновқа бұйырды.  

Ителгі құстардың арасындағы жарысты Түркістан облысынан Ерлан Сандыбай жеңіп алды. Екінші орынды қарағандылық Темірәлі Төлегенұлы, 3-орынды астаналық Күнтуған Серікбек иеленді.  

Тазы жарысында Жетісу облысы Сарқант қаласының тумасы Нұрлан Тілеужановтың «Шаша» атты тазысы жеңіске жетті. Ал екінші орын «Лашын» атты тазыға берілді. Оның иесі – ШҚО Тарбағатай ауданынан Мейір Жетпісов. Үшінші орын «Көк қасқа» атты тазыға тиесілі болды (Оның иесі Зайсан ауданынан Темірлан Азизов). 

Асау атты бағындыру бойынша Бозанбай ауылының тұрғындары Манат Ақжол (1-орын), Маркс Ақжан (2-орын), Жанболат Сейіттер (3-орын) өздерінің мықты атбегі екенін көрсетті. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.