Бұл отбасында тағы 6 бала тәрбиеленіп жатыр.
Астанада ауруханаға түскен 7 жасар қыз үйге қайтқысы келмеген: министрлік мәлімдеме жасады
Фото:depositphotos.com
1,354
оқылды

Астана қаласының білім басқармасы жеті жасар қызды ұрып-соғу туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Оқу-ағарту министрлігінің ресми Instagram-парақшасында хабарланғандай, 23 қарашада жиі соққыға жығылған 7 жасар қыз ауруханаға түскен. Баланың денесінде ұрып-соғу іздерін байқаған мұғалімдер дереу кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекцияға жүгінген. Инспекциядағылар бұл деректі тіркеген. Қыз ауруханада қалғысы келетінін айтқан. Қазір оған психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

"Айта кетейік, аталған оқиға балалардың құқығын қорғау комитетінің бақылауына алынды. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, жағдайдың егжей-тегжейі, сондай-ақ отбасының әлеуметтік жағдайы мен микроклиматы зерделенеді. Осы сынды фактілер біздің қоғамдық ұстанымымыздың маңызын тағы бір мәрте еске салады", – делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері балаларға қатысты қатыгездіктің куәсі болсаңыз, тәуліктің кез келген уақытында «111» нөмірі бойынша немесе «Бала қорғау» чатына хабарласуға болатынын ескертеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін қызды ұрып-соғу оқиғасы туралы балалар омбудсмені Динара Закиева хабарлаған болатын. Оның айтуынша, бұл отбасында тағы 6 бала тәрбиеленіп жатыр.