«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалында «Кітап-AMANAT» мәдени-ағарту орталығы ашылды. Оған «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, партияның облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков және зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен оқырмандар қатысты.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған болатын. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Адал азамат» тұжырымдамасының мән-мағынасына терең тоқталды. Осыған орай, «AMANAT» партиясы Президенттің бастамаларына демеу болып, өз деңгейінде ұлттың зияткерлік дамуына жан-жақты қолдау көрсетуді бастап кетті.
Осылайша, партия биыл күзде еліміздің барлық аймағында кітап орталықтарын ашуды қолға алды. Алғашқы орталық 22 қыркүйекте Алматыда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен ашылған болатын.
Партия Хатшысы Шолпан Каринова өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қолға алынған партиялық бастаманың маңызына тоқталды.
«Еліміздің гүлденуі мен үдемелі дамуы, инклюзивті экономика құру жолы азаматтардың сана-сезімінің жаңғыруымен және ұлттың жаңа сапасын қалыптастырумен байланысты екені белгілі. «Адал азамат» тұжырымдамасының мән-маңызын ашып көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды осыған шақырып отыр. Жаңа формациядағы азаматтардың дүниетанымы мен ой-өрісі Қазақстанның бәсекеге қабілетті адами капиталы бар елге айналуының негізгі факторына айналуы тиіс. Біздің жобаның басты мақсаты – партия жанынан оқырман мәдениетінің құндылықтарын қалыптастыратын зияткерлік қоғамдастық құру. Қазіргі таңда 8 кітап орталығы ашылып, бірнеше қалада, тіпті аудан орталықтарында жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылады», – деді партия Хатшысы.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын орталықтың кітапқұмар қауымның сүйікті орнына айналатынына сенім білдірді.
«Орталық әрқашан оқырмандарға толы болатынына сенімдімін. «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деп бекер айтылмаса керек. Мұның мәні кітапта жанымызға азық болатын ең жақсы ойлар айтылатынында деп ойлаймын. Кітап оқу – уақыттың үстемдігі жүрмейтін мәдениет. Осындай орталықтың өңірімізде ашылғанына өте қуаныштымын. Мұндай игі бастама барлық өңір мен елді мекендерде де жүзеге асады деп ойлаймын», – деді Ерлан Құсайын.
Партия облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков «Кітап-AMANAT» жобасы оқуға деген сүйіспеншілік қана емес, отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттырып, отандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталғанын атап өтті.
«Кітап сөрелерінен әлемдік классикадан бастап қазіргі заман әдебиетінің түрлі жанрдағы туындыларын табуға болады. Отандық авторлардың шығармалары да оқырманның сұранысқа ие болады деп ойлаймын. Біз негізінен қазақстандық жазушылар мен ақындардың кітаптарын көптеп қою арқылы оларды қолдап, оқырмандардың төл әдебиетімізге деген қызығушылығын арттыруды көздеп отырмыз. Партияның бастамасымен ашылған осынау орталықта түрлі іс-шара ұйымдастырылып, онда оқырмандар сүйікті авторларымен кездеседі, оның шығармашылығымен жақынырақ таныса алады», – деді Бекзат Алтынбеков.
Салтанатты іс-шарада облыстағы оқу-ағарту ісінің ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері партиялық жобаға қолдау білдіріп, игі бастама үшін алғысын жеткізді. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар Одағы Қарағанды бөлімшесінің директоры Серік Ақсұңқарұлы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры Қойылыбай Асанов, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Еркін Мұсабеков және т.б. бар.
«Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес», – деп қосты белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы.
Айта кетерлігі, енді тұрғындар қаланың қоғамдық көлігінде QR көмегімен кітап оқи алады. Партия бастамасын әкімдік қолдап, бұл – қарағандылықтар үшін жағымды сыйлық болды. Енді әрбір жолаушы кодты сканерлеп, өзіне ұнайтын кез келген кітапты онлайн форматта оқи алады. Қазақ редакциясының кітаптарында партиялық кітап орталығы туралы да ақпарат бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы мен Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, нақты жоспары бекітілді. Оған сәйкес, жылдың соңына дейін «AMANAT» партиясының филиалдары жанынан барлық облыстарда, қалаларда, тіпті, аудан орталықтарында кітап орталықтарын ашу жоспарлануда. Құжат аясында баспалар орталықтарды қол жетімді бағада қажетті кітап қорымен қамтамасыз етеді. Онда тек қазақстандық әдебиет туындылары ғана емес, сонымен қатар әлемдік бестселлерлер де болады.
Анықтама үшін: Қарағанды қаласындағы «Кітап-AMANAT» мәдени-ағарту орталығының мекенжайы: Әлиханов көшесі, 4 үй, «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы.