Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Павлодар, Абай облыстарында адамдарды құлдықта ұстаған
фото: Halyq Uni
1,467
оқылды

Екі облыста адамды заңсыз бас бостандығынан айыру қылмысы анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz halyq-uni.kz-ке сілтеме жасап.

Абай облысында полицияға келген әйел ағасының жоғалып кеткенін хабарлаған. 50 жастағы ер адамның психикалық ауытқулары бар екен.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары бірден іздеу шараларына кірісіп, екі ер адамды ұстады. Олар жоғалған Семей тұрғынын алдап, ұялы телефонын алып қойған. Кейін 200 шақырым шалғай жердегі шаруа қожалығына апарып тастаған. Сол жерде жұмысқа жеккен. Осылайша, зардап шеккен ер адамды екі апта бойы ұстаған.

Қазір Қылмыстық кодекстің 128-бабы («Адам саудасы») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Павлодар облысында да осыған ұқсас қылмыс анықталды. Онда 36 жастағы ер адамды бейтаныс біреулер қорқытып, ормандағы аңшылар үйіне апарып тастаған. Сол жерде екі жыл бойы заңсыз жұмысқа жеккен. Зардап шеккен ер адам туған-туыстарына қайтарылды. Қылмыстық іс қозғалды.