Петропавл қаласында Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамайтындарын ашық айтқан, өздері «Халық кеңесі» ұйымын құрып алған сепаратистік пиғылдағы төрт тұрғын сотталды.
Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамаған 4 адамға сот үкімі шықты
10,275
оқылды

Ел ішіне іріткі салушылардың жетекшісі 9 жылға, ал белсенді үш мүшесі 7 жылдан жаза арқалады. Бұл ұйымның қалған мүшелері сотқа куәгер ретінде қатысқан, – деп хабарлады Aikyn.kz. 

«Біздің қолымызда мамандардардың зерттеуі, куәландыратын барлық құжаттар бар. Фактілер дәлелденді. Сарапшылардың, саясаттанушылардың кешенді сараптамасы, бұлтартпас дәлелдерін ескере отырып, сот үкім кесті», – дейді Петропавл сотының судьясы Алмас Жұмағазин.

Алауыздықты ұйымдастырушы деп танылған 48 жастағы слесарь тоғыз жылға сотталды. Ал 37, 40 және 52 жастағы үш әйелдің әрқайсысы жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Олар қауіпсіздікті ыдыратуға үгіттеу, елдің біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуға насихаттау баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Жұртшылықтың наразылығын туғызған бұл оқиға наурыз айында болған. Петропавлдың 19 тұрғыны өздерін Кеңес Одағының мұрагерлеріміз деп жариялап, «Халық кеңесі» ұйымын құрып, Қазақстан тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтып, жаһанамға жар салған. Бұл әрекетін бейнетаспаға түсіріп, ғаламторға жариялаған. Көп кешікпей сепаратистік пиғылдағы олардың әрекеті тергеліп қамауға алынған болатын. Енді осы заңсыз әрекеттері үшін төрт адам жазаланды.