Британ кітапханасы кибер-шабуылдың құрбаны болғанын мәлімдеді. Қаскөйлер кітапхананы 31 қазанда шабуылдаған. Кітапхана оқырмандарының жеке деректері жабық darknet желісінде сатылымға шығарылған.
Британ кітапханасын қаскөйлер бұзды
Фото london.zagranitsa.com сайтынан алынды
1,606
оқылды

Британдық ең ірі кітапхананың оқырмандарының деректері кибер-шабуыл кезінде ұрланып, darknet желісінде сатылымға қойылғаны туралы BBC News жариялады. Бұл шабуылдың салдарларын Aikyn.kz британдық корпорацияның мақаласына сілтеме жасап түсіндіреді.

Фото london.zagranitsa.com сайтынан алынды

Британ кітапханасының мәлімдемесінде 31 қазанда болған шабуыл оның веб-сайтына, онлайн жүйелеріне және кейбір ішкі қызметтеріне әсер еткені, қаскөйлердің зиянды әрекеттері толық жойылмағаны айтылды. Шабуылдың артында тұрғанын жариялаған Rhysida бопсалаушылар тобы ұрланған деректерді аукционға шығарып сататынын мәлімдеген.

Өткен аптада кибер-қылмыскерлер кітапханадан ұрланған оқырмандардың төлқұжаттарының сканерленген нұсқасы мен басқа да жеке деректерін 20 биткоинге (760 000 доллар) сататын жария етті.

Кітапхана болса өзінің оқырмандарын кітапхананың қызметтеріне кіру үшін қолданатын құпия сөздерін басқа веб-сайттарда пайдаланатын болса, сақтық шарасы ретінде оларды өзгертуді ұсынған.

Фото tournavigator.pro сайтынан алынды 

Әлемдегі және Ұлыбританиядағы ең ірі Британ кітапханасы дүйсенбі күні кешке X (Twitter) сайтында жарияланған хабарламада: «Өткен аптада бұл қылмыстық шабуыл бопсалау екендігі расталғаннан кейін, қаскөйлер оқырмандардың жеке деректері мен басқа да деректерді ұрлады деген қосымша дәлелдер табылды. Біз бұл қылмыстың қалай болғанын түсіну үшін киберқауіпсіздік сарапшыларымен жұмыс істеуді жалғастырамыз және қажет қауіпсіздік қадамдар туралы кеңес беру үшін оқырмандармен байланысамыз», – делінген.

Фото tournavigator.pro сайтынан алынды 

Rhysida бопсалаушылар тобы да өткен аптаның дүйсенбісінде шабуылды ұйымдастырғанын мойындап, darknet желісіндегі өздерінің веб-сайтында әртүрлі құжаттардың суреттерін дәлел ретінде жариялаған. Құжаттарда еңбек келісімшарттары мен төлқұжаттар болған.

Кибер-қылмыскерлер «ерекше, бірегей және әсерлі деректерге» арналған аукцион 27 қарашада 08:00 GMT-ге дейін жабылады және ең көп ақша ұсынған жеңімпазға сатылады деп мәлімдеді.

Бұған дейін Rhysida хакерлер тобы Чили армиясы мен Шотландияның Батыс университетінің деректерін де ұрлады деген хабарлар тараған еді.

Darknet – бұл интернеттегі пайдаланушының жеке басын және жеке деректерін толығымен жасыратын арнайы цифрлық желі. Darknet желісін қылмыстық топтар мен заңсыз іс-әрекеттер жасауға қаскөйлер қолданады.   

Фото tournavigator.pro сайтынан алынды 

Қысқаша анықтама

Британ кітапханасы әлемдегі ең үлкен кітапхана деп саналады. Кітапхананың 625 шақырымға созылған сөрелерінде 170-тен 200 миллионға дейінгі кітап пен тарихи құнды құжаттар бар. Кітапхананың бас кеңсесі Лондонда орналасқан. Кітапхана күніне 8000 жаңа кітап қабылдайды. Британ кітапханасы 1973 жылы құрылған, бірақ оған дейін Британ мұражайының бөлігі болып келді.