Экобахила жасауға қоқыстардың көшеге тасталуы себеп болған.
Атыраулық оқушылар табиғатқа зияны жоқ өнім жасады
1,278
оқылды

Бірнеше рет пайдалануға болатын бахила қайта өңделген пластиктен өндірілген. Ерекше жобаны оқушылар  Атырау қаласында өткен «ABAY GYLYM FEST» отбасылық-ғылыми фестивалі аясында ұйымдастырылған оқушылар арасындағы ғылыми жобалар конкурсында таныстырды. 

Экобахиланы жасауға қоқыстардың көшеге тасталуы себеп болған. Конкурсқа қатысушы Әдия Еңсепова әсіресе жауынды күндері көшеден әр жерде шашылып жатқан бахилаларды жиі кездестіретінін, өзін пластиктердің көптеп тасталуы алаңдататынын жеткізсе, құрбысы Әйгерім Абуханова экожобаның қалай жүзеге асқанын айтып өтті. 

- Қазіргі уақытта қолданыста био пакеттер бар, бірақ бахилылар жоқ. Жауын-шашынды күндері мұндай экологиялық таза бахиланың қажеттілігі жоғары деп ойлаймын. Біз мұны өндіру үшін крахмал мен глицеринді қолдандық. Осындай ерекше жобамызды жүзеге асыруымызға Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігі үлкен мүмкіндік берді. Біз бұл кеңістікте «Химия» курсы бойынша дәріс алып жүрміз, – деді ол.

«Химия» курсының тренері Әсел Оңдашованың айтуынша, күнделікті қолданыстағы бахилалар пластиктен жасалған. Олар атмосфераға улы заттар бөледі. Ал Әдия мен Әйгерім жасаған бахилалар биопластик – қайта өңделген экопластиктен жасалған. Сәйкесінше олардан атмосфераға зиянды ешқандай улы заттар бөлінбейді. 

Еске салайық, өткен жылдың мамыр айынан бері Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан JasSpace бағдарламасы аясында 6000-нан астам оқушы STEAM бағдарламасы бойынша түрлі оқу курстардан өтті. 90-ға жуық оқушы қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстарға қатысты. Жақында ғана JasSpace кеңістігінің оқушылары Түркияның Бурса қаласында робототехника бойынша өткен конкурста 170 команданың ішінен алдыңғы 20 команданың құрамында болды.

Баян Жанұзақова