Ресейдің «Вагнер» жалдамалы әскерилер жасағына кірген қарағандылық тұрғынға сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, айыпталған азамат 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Сотқа дейінгі тергеу органдары Ш.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 170-бабының 3-бөлігі бойынша, атап айтқанда жалдамалының қарулы қақтығысқа, әскери іс-қимылдарға және конституциялық құрылысты құлатуға және бұзуға немесе мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерге қатысқаны үшін айыптады.
«Ш. биылғы наурызда Қарағанды облысының Топар кентіндегі үйінде болған кезде әлеуметтік желі арқылы «Вагнер» жеке әскери компаниясы туралы біліп, ақшалай сыйақы алу мақсатында Украина аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысуға келіскен. Содан соң, Ресей аумағына барып, жоғарыда аталған ЧВК қатарына қосылып, онда ол әскери дайындықты жүзеге асырған. Сәуір айының соңында ол Украина аумағында орналасқан Бахмут қаласына жіберіліп, онда ол Украинаның конституциялық құрылысын және аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған іс-қимылдарға қатысқан, оның барысында ол жараланып, қайтарылған», – делінген сот хабарламасында.
Прокурор соттан Ш.-ны жалдамалы ретінде алынған ақша тәркіленіп, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Қорғаушы соттан сотталушыға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
«Сотталушының кінәсін толық мойындауынан басқа, оның құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдемелермен расталды. Сот Ш. кінәсін толық мойындауын жеңілдететін жағдай деп таныды. Сонымен қатар сот сотталушының іс-әрекетінде кінәні ауырлататын мән-жайлар анықтаған жоқ.
2023 жылғы 28 тамыздағы сот үкімімен Ш. жалдамалы ретінде алынған ақшалай қаражатты тәркілей отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырып, жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу тағайындалды», – делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енді.