Өнер иесі Қазақстанда 25 бала жақындарының қолынан көз жұмғанын алға тартқан.
Ақырзаман орнаған ба? – Жұлдыз Әбдікәрімова бала зорлығына қатысты ойын айтты
1,069
оқылды

Танымал әртіс Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желіге зорлық-зомбылыққа қатысты заңға байланысты ойын жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол бала зорлағандар өмір бойы бас бостандығынан айырылсын деген пайымда.

"Заңға дәл осындай өзгеріс енгізу ұсынылды. Биылғы жылдың өзінде елде 25 бала жақындарының зорлығынан қаза тапқан. Өзіңіз ойлаңызшы, ағасы, көршісі, әкесі… Балаға ең жақындары қауіпті болған. Бұл не сұмдық дерсіз?! Заманақыр орнаған ба дерсіз?! Бірақ жылды осындай шындық, сұмдық статистикамен қорытындылап отырмыз. Кеше ғана елдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл бастаған топ өкіметке “Балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылыққа арнайы бап енгізуді ұсынды. Яғни әкімшілік жауапкершілікті қылмыстық жазаға ауыстыру керек" деді", – деген Жұлдыз.

Актриса ана ретінде бұл заңды қолдайтынын айтып, тез арада күшіне енетініне сенім білдірді.

"Мұндай жағдайда үнсіз қалуға болмайды. Әрқайсыңыздың пікіріңіз маңызды. Заң тезірек қабылдануы үшін белсенділік танытыңыз", – деп жазды Әбдікәрімова.

Бұған дейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Балалар қауіпсіздігі туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы айтып берген еді.