Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Того күш жұмылдыра отырып, алдағы уақытта атқара алатын негізгі салаларды айқындады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, екіжақты және халықаралық күн тәртібін ілгерілету үшін тұрақты диалог орнату қажет.
– Бүгінгі келіссөздер екіжақты байланыстардың жаңа кезеңін айқындап, өзара тиімді ынтымақтастығымыздың перспективті бағыттарын зерделеуге зор мүмкіндік береді. Біз Тогомен арадағы ықпалдастықты нығайтуға мүдделіміз және сіздің еліңізді Африкадағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Того арасындағы серіктестіктің әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр. Оны дамыту үшін екіжақты құжаттарға, соның ішінде инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімге қол қою қажет.
Қазақстан Президенті екіжақты сауда-саттықты өркендету және іскер топтар арасындағы байланысты нығайту маңызды екеніне тоқталып, Қазақстанның Тогодағы Құрметті консулы лауазымына лайықты кандидатты анықтауды ұсынды. Мемлекет басшысы мұндай қадам екі ел арасында B2B форматындағы байланыстарды дамытуға септігін тигізеді деп есептейді.
Фор Гнассингбе құрмет көрсеткені үшін Қазақстан тарапына алғыс айтып, өзара мүддені көздейтін экономиканың түрлі саласында ынтымақтастық орнатуға бейілді екенін растады.
– Қазақстанға сапармен келуге шақыруыңыз біздің қарым-қатынасымызға тың серпін береді. Қазақстан мен Тогоның стратегиялық серіктес болуға мүмкіндігі бар. Сіздің еліңіздің экономикалық әлеуеті зор. Біздің делегация сауда, экономика, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Жан-жақты байланыс орнатуға бағытталған келіссөздеріміз қос тараптың өзара ықпалдастықты тереңдетуге ниетті екенін айқын көрсетті, – деді Того Президенті.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Того арасындағы серіктестікті дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ келіссөз барысында саяси диалогті жолға қоюға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге, денсаулық сақтау және әскери өнеркәсіп бағытында өзара ықпалдастық орнатуға ерекше назар аударылды.
Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Того Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Того Президентімен ауыл шаруашылығы, жаңа технология, қазба байлықтарды бірлесе игеру, өндіріс және инвестиция салалары бойынша да келіссөз жүргізгенін айтты.
– Екі ел үкіметтеріне тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Әсіресе, Қазақстанның Тогоға дәнді дақылды экспорттау мүмкіндігі зор екеніне назар аудардық. Еліміздің бастамасымен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы құрылғанын білесіздер. Мен Тогоны осы ұйымға мүше болуға, оның әлеуетін пайдалануға шақырдым, – деді Президент.
Мемлекет басшысы табиғи ресурстарға бай Қазақстан мен Того елдері темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау, өндіру және игеру үшін бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігіне ие екеніне назар аударды.
– Мен Қазақстан кәсіпкерлері Тогоның тау-кен өндірісін зерттеуге дайын екенін атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы әріптестігі жан-жақты талқыланды. Қазақстанға Ломе портының әлеуетін қарастыру бойынша ұсыныс айтылды. Бұл теңіз айлағы қызмет ауқымы бойынша Батыс Африкада екінші орын алады. Біз өзара тиімді әріптестікті дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан Того кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырдым. Олар форумда Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент Астана мен Ломе арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық орнату маңызды екеніне тоқталды.
– Бұл екі халықтың бір-бірін жақын тануына мүмкіндік береді. Осы ретте Того жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсындым. Бүгінгі қатынастарымызға тың серпін беру үшін елдеріміздің Құрметті консулдарын бекітуге келістік. Бұл келісімдер ынтымақтастықты нығайта түсері сөзсіз, – деді Президент.
Өз кезегінде Фор Гнассингбе Тогоның Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше көңіл бөліп отырғанын және стратегиялық серіктестікті өңіраралық қана емес, құрлық деңгейінде де дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
– 300 миллионнан астам халқы бар Батыс Африка елдерімен тауар айналымын жолға қойған Того қазақстандық инвесторлардың қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығымыз дамып келе жатқаны қуантады. Бүгінде сіздің елдің Тогоға астық жеткізу мүмкіндігі мол. Қазақстан цифрландыру саласында айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Біз де өз елімізде цифрландыру жобаларын іске асырып, осы бағыттағы ынтымақтастықты жолға қоюға ниеттіміз. Бұл тұрғыдан сіздерден үйренеріміз көп, – деді Того Президенті.