Бұл тәсіл автомобиль индустриясын жаңа бағытта дамытуы мүмкін. Әсіресе, электр көлігінің дизайнын түбегейлі өзгертеді. Жаңалық кеше Сеулде таныстырылды.
Көлік дөңгелектерін айналдыратын революциялық тәсіл табылды
Фото autohome.com.cn сайтынан алынды
3,522
оқылды

Hyundai мен Kia маркалы электр көліктері жуық арада өздерінің дизайнын түбегейлі өзгертеді деп күтілуде. Технологиялық newatlas.com платформасында Hyundai Motor Company мен Kia Corporation дөңгелекті айналдыру концепциясына жаңа көзқараспен қарағанын жазды. Aikyn.kz бұл жаңашылдықтың техникалық ерекшеліктерін талдайды.

Uni Wheel жүйесі (оң жақта) және дәстүрлі электрлік көлік жетектері (сол жақта). Фото Hyundai Motor Company ресми сайтынан алынды

Бензинмен, газбен жұмыс істейтін көлік түрлері сияқты электрлік көліктер де мотор мен трансмиссияның (қозғалтқыштың механикалық энергиясын көліктің дөңгелегіне беруге арналған жүйе) үлкен орын алуынан көлік дизайнын жасауда үлкен шектеулерге ұшырайды.

Hyundai мен Kia бұл мәселені түбегейлі шешу жолын тапқанға ұқсайды. 

Іштен жану қозғалтқышы орнатылған көліктерде қозғалтқыш пен қозғалтқыш қуатын дөңгелектерге тасымалдайтын беріліс қорабы, жетек біліктері (приводной вал) көп орын алады. Электрлік көліктерде қозғалтқыш қуатын кем дегенде екі дөңгелекке беруге арналған беріліс қорабы мен жетек біліктері қолданылады.

Ендігі жерде Hyundai-дың ғылыми инженерлері Uni Wheel деп аталатын әмбебап толық жетек жүйесін (полный привод) қолдануды ұсынбақшы.

Фото Hyundai Motor Company ресми сайтынан алынды

29 қарашада Сеулдегі баспасөз шарасында таныстырылған жаңа қондырғы бұрыннан қолданылып келген бір үлкен қозғалтқышты төрт кіші қозғалтқышқа ауыстырған. Бұл қозғалтқыштардың әрқайсысы автомобильдің 4 доңғалағын жақын орнатылып, қысқа жетек білігі арқылы қосылған.

Әрбір доңғалақ қысқа жетек білігімен айналатын жүйеден тұрады. Мұнда төрт сыртқы берілістерге біріктірілген орталық «күн берілісінен» тұрады. Бұл тісті берілістер, өз кезегінде, бір үлкен «сақина тісті доңғалақпен» түйіседі, ол дөңгелек күпшегінің (ступица) айналасында жүреді.

Сонымен, әрбір Uni Wheel қондырғысында... қозғалтқыш жетек білігін айналдырады, ол күн берілісін айналдырады, ол тісті берілістерді айналдырады, ол дөңгелекті айналдыратын сақина берілісін айналдырады. Егер бұл түсініксіз болып көрінсе мына видеоны қарап шығуға болады: 

Дөңгелектерді айналдырудың жаңа тәсілі доңғалақ кедір-бұдырлардан жоғары және төмен қозғалса да тиімді әрі берік болып қалады. Ал дәстүрлі беріліс кезінде доңғалақтар жол тегіс болмай жоғары-төмен қозғалғанда қуат беру тиімділігі едәуір төмендейді.

Жаңа Uni Wheel жүйесін енгізудің тағы бір оңтайлы тұсы – көліктің дизайны өзгереді әрі салонда қосымша орындар пайда болады. Қосымша кеңістік кең отыруға, көбірек жүк салуға мүмкіндік туғызады.

Көлік салонының едені толығымен тегіс болуы да инженерлер мен дизайнерлерге кеңістікті жобалауда еркіндік береді. Пайда болған қосымша көлемді көбірек батареялар үшін де пайдалануға болады, осылайша электр көліктерінің жүру ұзақтығы да өседі.

Фото Hyundai Motor Company ресми сайтынан алынды

Енді Hyundai мен Kia компанияларының инженерлері Uni Wheel беріліс қорабын жетілдіріп, майлау және салқындату жүйелерін жаңартуды жоспарлап отыр. Әзірге жаңа берілісі жүйесінің өндіріске қашан енгізілетіні туралы мәлімет жоқ.

«Біз болашақ көлік нарығын түбегейлі өзгерте алатын инновациялық идеяларды көрсетуге қуаныштымыз. Клиенттер ұтқырлықты жаңаша сезінуі үшін біз технологияны жетілдіре береміз», – дейді Hyundai Motor Group-тың технологияларды дамыту институтының аға ғылыми қызметкері Джонгсул Парк.

Қызықты ескертпе: Aikyn.kz бұрынырақ төрт доңғалағы да 90 градусқа бұрылатын Hyundai көлігі туралы жазған болатын. Бүгінде дәл осындай технологияны жетілдіруде канадалық Ватерлоо университетінің ғалымдары жұмыс істеуде.