Алматыдағы хостелден өрт шықты. Салдарынан 13 адам қаза тауып, 3 адам ауруханаға жеткізілді. Әсем Садықова өрттен кейін ұлын таба алмай қалған. Ол Massaget.kz тілшісіне колледжден хабарласып, ұлы қаза тапқандардың тізімінде екенін айтқан,– деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әсем Садықованың ұлы Сунат 22 жаста. Ол 1 ай бұрын бұл хостелге көшіп келген.
"Осы жерде 1 ай ғана тұрды. Колледждегілер маған барлық ақпаратты жіберді. Негізінен оқуды 2 жыл бұрын бітірген. Қазір жұмыс істеп жүрген. Балам 2001 жылғы еді. Колледждегі оқытушы хабарласып айтты. Кеше ғана сөйлескен едік. Кеше 6-да қоштастық. Бірге жұмыс істейміз. Басшылар ұлыңыз жұмысқа келген жоқ деді, сол кезде колледжден хабарласты. Оларға білім бөліміндегілер айтқан. Баламның қайда екенін білгім келеді. Қате кеткен шығар. Не болғанын білмеймін. Хабар 10:40-та келді. Сатушы-менеджер болып істейтін. Маған "мама, 25 мың теңге төлеп, досыммен бірге тұрамын" деді. Тұңғышым, әкесімен ажырасып кеткенбіз", – дейді әйел.
Еске салайық, бұған дейін 30 қарашада сағат 5.33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны хабарланды.
Кейінірек Алматыдағы хостелден шыққан өрт салдарынан үш адам ауруханаға түскені белгілі болды.
Оқиғадан кейін бірнеше адам басқа хостелге ауыстырылды. Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Руслан Идрисовтің айтуынша, қазір 50-52 адамды басқа хостелдерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматы әкімі Ерболат Досаев хостелдегі өртке қатысты пікір білдіріп, зардап шеккендердің көбісі Қазақстан азаматтары, бірі Өзбекстан азаматы, біреуі РФ-дан екенін, қалғанының құжаттары қаралып жатқанын айтты.
Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматыдағы хостелден шыққан өрттің себептерін анықтау және оның салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Алматы Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері хостелден шыққан өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.
Алматы қаласы ТЖД осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық істі тіркеді.