Ол бағалы балықты заңсыз сатпақ болған.
Атырау облысының тұрғынынан 56 келі бекіре тәркіленді
Фото: Атырау облысы ПД
2,097
оқылды

Атырау облысының 30 жастағы тұрғынынан 56 келі бекіре тәркіленді. Күдікті бағалы балықты заңсыз сатпақ болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті Махамбет ауданында ұсталған.

«Махамбет аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық шарасы кезінде Lada Kalina автокөлігін тоқтатып, тексеру жүргізді. Жүргізушінің көлігінен бекіре тұқымдас балықтың 15 данасы табылды. Балықтың салмағы – 56,6 келі. Бекіре тұқымдас бағалы балық тәркіленді. Жеңіл көлік жүргізушісінің бағалы балықты сатпақ болғаны анықталды», – делінген департаменттің хабарламасында.

Ұсталған жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалы басталды.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.