40 мектепте педагогтердің біліктілігі талапқа сәйкес келмейтіні анықталды.
Ақмола облысындағы бірнеше мектепте заң бұзушылықтар анықталды
2,264
оқылды

Ақмола облысының прокуратурасы облыс мектептерінде кешенді тексеріс жүргізіп жатыр. Тексеру барысында бірнеше заң бұзушылықтың беті ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Прокуратура мәліметінше, тексеріс басталғаннан бері санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың, қауіпсіздік және құрылыс тәрізді көптеген салада 200-ден астам заң бұзушылық анықталды.

Мектептерде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапқа тартылған тұлғалар жұмысқа орналастырылған. Ауыл мектептерінің бірінде жертөледе оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жауынгерлік қару-жарақпен оқу-жаттығуы өткізілген. 

Жоғары сынып оқушыларының кіші сыныптарға қатысты қорқыту деректері анықталды, ол балалар есепке алынды.

40 мектепте педагогтердің біліктілігі талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. 

Бірқатар мектептерде жалақы жұмысқа жалған орналастырылған жұмысшыларға аударылған, олардың ақшасын мектеп әкімшілігі алып отырған.

Мысалы, қалалық мектептердің біріне директордың орынбасарының туысы ресми түрде жұмысқа орналастырылған. Ал директордың орынбасары оның жалақысын ай сайын алып отырған.

«Бүгінгі таңда білім беру саласында қадағалау актілері бойынша 41 тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылды. Жымқыру, құжаттарды қолдан жасау және басқа да деректер бойынша 19 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тексеру жалғасып жатыр», – деді ведомстводан.