Аграрлық несие корпорациясының Түркістан облысындағы филиалы биыл 1800-ге жуық жобаны қаржыландырды.
Қызанақ пен айран: мемлекеттік қолдаудың арқасында ауылшаруашылық бизнесінің жеткен жетістіктері
1,824
оқылды

Аграрлық несие корпорациясы Шымкент пен Түркістан облысындағы көптеген жобаға қаржылай қолдау көрсетті. Мемлекеттік несиелердің арқасында жылыжай бизнесін нөлден бастаған кәсіпкерлер мол өнімін төртінші жыл жинап отыр.

Шымкенттік кәсіпкер Азамат Көшімов бірнеше жыл бұрын жылыжай салған. Жеңілдетілген несие оның кәсібінің алға басуына сеп болды. 

«Еш қолдаусыз өзіміз мұның бәріне қол жеткізе алмас едік. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жұмысымыз жүруде. 10 жылға несие алдық, 6%, қаражаттарымыздың бір бөлігін салдық», – дейді көкөніс өсіруші.

Жылыжай түрік технологиясы бойынша салынған. Тамшылатып суару әдісі қолданылады. Бұл – суды өсімдіктердің тамырына тікелей жеткізетін әдіс. Азамат Көшімов атап өткендей, қызанақ пен қияр өсіру барысында химиялық заттар қолданылмайды, өйткені өнім экологиялық таза болуы керек.

Ал Түркістан облысында толық сүт өңдеу циклі бар кешен құрылды.

Голландия мен Чехиядан 600-ден астам асыл тұқымды сиыр сатып алынды. Әрқайсысы күніне кем дегенде 25 литр сүт береді.

Бірнеше минут ішінде таңертеңгі сүт зауытқа жөнелтіліп, бірнеше сағаттан кейін қаймақ, йогурт, айран, май түрінде сөрелерге барады. 

«Біздің ассортиментте сүт өнімдерінің 23 түрі бар. Қаймақтың төрт түрі, йогурттың төрт түрін өндіреміз. Біз өнім түрлерін кеңейту үшін жұмыс істеп жатырмыз», – дейді технолог Злиха Абдулдаева.

Аграрлық несие корпорациясының филиалы биыл 16 миллиард теңгеден астам сомаға 1800-ге жуық жобаны қаржыландырды. Бұл туралы Аграрлық несие корпорациясы Түркістан филиалы директорының орынбасары Азат Муйтембаев атап өтті.