Қазіргі медицина оны құптамағанымен, күнделікті өмірде қол-аяғы сынған адамның сүйегін орнына келтіріп, аса күрделі аурулардан адамды айықтырған емшілер, сынықшылар жайлы көп естиміз. Әрине, қанша дегенмен заманауи медицинасыз күллі тіршілік иесінің күні қараң. Аталған мақаланың мақсаты да сол – қазіргі медицинаны жоққа шығару емес, тек болған жайды баяндау яки халық емшілігінің бір қырына жіті үңілу деп түсінген абзал.
Ертеде ел ішінде даланың түрлі шөптері арқылы түрлі вирустарды жойып, ауруларға ем тапқан бақсы-балгерлер, тәуіп-молдалар, көріпкел-әулиелер көп болған. Халық емшілері қазір де ел ішінде болғанымен жұртшылық жұмысына сенімсіздікпен қарайды немесе көп назар аудармайды. Алайда бабалардың жолын жалғастырып жүрген емшілердің қолынан емделіп, сауығып жатқан адамдар аз емес. Ел алғысын арқалап жүрген емшінің бірі – Марат Ахметов.
Марат Мекемтасұлының қолынан бүгінге дейін 200-ден аса адам ем алған. Кейіпкеріміз емшілік қасиет атаның күші, ананың сүті арқылы сүйегіне дарығанын айтады.
– Қазақтың ұлттық құндылықтары мен ұлттық таным-түсінігі және мәдениеті қалыптасатын орта – әркімнің өзінің отбасы. Біздің шаңырағымыз да ұлттық бояуға қанық болды. Себебі анам Сайлауқан Ырысдәулетқызы отбасымыздың берекесін де, мерекесін де кіргізген жан болатын. Анамыздың бойындағы қазақы мінез саналы тәрбие алып өсуімізге әсерін тигізді. Анамыздың ибалы болғаны соншалық, ауылдағы кез келген жанға сәлем бермей өтпейтін. Алдынан шыққан адамның ұлтына, бай-кедейлігіне қарап бөлмейтін. Себебін сұрағанымызда: «Адам баласына қиянат жасамаңдар, жақсылық жасаңдар. Ал жақсылықтың басы дұрыс сәлемдесуден басталады. Адамдардың алғысы мен батасына бөленген жан ешқашан жаман болмайды» деп жауап беретін. Сол қасиетінен болса керек, анамды бүкіл ауыл құрметтеп, ардақтады. Анамның адам емдейтін қасиеті де болды. Сондықтан да шығар, үйімізден халықтың қарасы үзілмейтін. Ал менің бойымда бірер адамға тән қасиеттердің артықшылығы болса, ол менің бойыма анамның тәрбиесімен келіп қонған кие деп түсінемін, – дейді ол.
Шынымен де руханиятымыздың тұнығы лайланбау үшін біз қазақы дүниетанымымызды қайтадан қалпына келтіруіміз керек. Ал М. Ахметов – 7 сол қазақы салт-дәстүрімізді ұстанған, ішіндегі қазақтың атадан балаға беріліп келе жатқан қасиетті халық емшілігінің жолына түскен адам. Емшінің адам емдеу жүйесі де қазақтың «айналайын» деген сөзімен және «анамның алақанындай жылы» деген қасиетті ұғымдармен астасып жатқандай. Олай дейтініміз, Марат Мекемтасұлының адамдарды алақан жылуымен емдейтін қасиеті бар. Айтуынша, саусақтардың сезімтал нүктелері арқылы адамның ауырып тұрған жерін қалай емдейтінін анықтап алады. Сол тұсқа алақанын апарғанда, саусақтарын бос қою арқылы адамның биологиялық белсенді нүктелерін тауып, қандай ем жүргізу керек екенін сезім түйсігімен сезе біледі екен. Өйткені әр адамның ағзасы кез келген аурумен күресе алатын көрінеді. Сондықтан кез келген адамның тек қана өзін-өзі емдейтін сезім түйсіктері мен нүктелерін ояту арқылы ем жүргізуге болатынын айтады.
Сөзіміз сенімді болу үшін біз Марат Мекемтасұлының қолынан ем алып, жазылған адамдардың сөзіне назар аударуды жөн санадық.
– Осыдан екі жыл бұрын қатты ауырдым. Коронавирус өршіп тұрған кез еді. Жұлыныма суық тигені аздай, індет қосылды. Суық тиген жұлынға инфекция кіріп кетіп, емді, емделу мүмкіндігін еселетіп қиындатып жіберді. Бір жағы сүйектерім қақсап, иілуі қиын болса, екінші жағынан, құрсағымда жылауық (киста) бар деген диагноз қойылған болатын. Сол кистаның кесірінен жатқан орнымнан өздігімнен аунай алмайтын күйге жеттім. Сондай ауыр күндердің бірінде әлеуметтік желі арқылы алақанымен адам емдейтін Марат емшінің жұмысымен танысып, ақыры үйге шақырттық. Ем жүргізгеннен кейін, айтса айтқандай, саусақтарыма жан біте бастады. Бұған қуанған үйдегілер аяқ-қолымды тынымсыз уқалай берді. Бірте-бірте үй қабырғаларына сүйеніп жүре бастадым. Кейіннен өмірге деген құштарлығым артып, қоларбамен жүретін жағдайға жеттім. Жоғарғы қабаттан жақтауға сүйеніп, қиғаштап әрең түсіп жүрген мен қазір баспалдақпен жүгіріп шығып, жүгіріп түсіп жүрмін. Ал жатырдағы кистаның да жоқ болып кеткенін кейін арнайы аппаратқа түскеннен кейін барып білдім. Операциясыз емделген адам ретінде Марат Ахметовтің еңбегін өте жоғары бағалаймын – дейді Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Екпінді ауылының тұрғыны Назира Сүйіндікова.
Марат Ахметовтің қолынан жазылған мұндай адамдар жетерлік. Олардың бәрі де халық емінің тиімділігінің жоғары екенін айтады. Ал емші болса, ол өзінің емдеуінің нәтижесінде зоб, остеохондроз, артроз, артрит, грыжа, құяң (радикулит), бас ауруы, іш құрылысы аурулары сияқты дерттер бойынша 3-5 минуттың ішінде-ақ жеңілдік сезілетінін, әрі бұл емінің тиімділігі 95-97 пайыз екендігін жеткізді. Сонымен қатар ол қазақ емшілік өнерінің дамуын жалғастыру үшін барынша еңбек ететінін, әрі оған осы кезде жан-жақты қолдау көрсетудің қажеттілігі аса жоғары екенін айтты.
– Мұндағы біздің мақсат – өңірлерде медицина өкілдерінің бақылауымен кісі емдейтін халық емшілерінің орталықтарын құру. Өйткені қазіргі таңда адамдар дәстүрлі медицина болмаса халық емінің пайдасы бар дегенге көп сене бермейді. Ал шындығында, халық емінің тиімділігі жоғары. Әрі мұны біз ары қарай дамыту үшін және оның расымен де нәтижесі бар екенін халыққа көрсету үшін елдегі ресми, ғылыми тұрғыда ем жүргізетін мамандармен бірігіп жұмыс істегіміз келеді. Мемлекет тарапынан соған қолдау көрсетсе деген ниетіміз бар. Мысалы, кез келген емхананың қасынан дәстүрлі қазақ емшілігі деген бір бөлім ашып қойса, әрі біздің жұмысымыздың тиімді не тиімсіз екенін Үкімет өз бақылауында ұстап отырса қандай керемет болар еді. Егер дәл солай жасар болса, онда әлемге теңдесі жоқ қазақ халық емшілігінің артықшылықтарын айқын түрде таныта алар едік. Бұл да өз кезегінде медицинаға қосқан бір үлесіміз, осы салада ашқан жаңалығымыз болар еді, – дейді М.Ахметов.
Емшінің айтуынша, ауруды асқындырып жіберетін жағдай – үрей. Көп адам өз ауруын білгеннен кейін қорқып кетіп, бойындағы иммунитеттің бәрін уайымға жегізіп жібереді. Шынтуайтында, кез келген аурудың емі табылады екен.
Әрі халық емшілігі халықтың көп қаражатын да талап етпейтінін және тиімділігі де өте жоғары болатынын жеткізді. Сөзін растай түсу үшін өзінің қолынан жазылған тағы бір бүлдіршіннің демікпе ауруынан айыққанын әңгімелеп берді.
– Қыркүйек айының соңында үйге қызымның сыныптасы Жәния келді. Дастарқанға отырғаннан дәм ауыз ти деп бәйек болып жатсақ, не тамақтан түртіп алмады, не шайдың өзін ішіп жарытпады. Неге бұлай екенін сұрағанымда ол: «Көке, мен өте қатаң диетамен жүремін. Өйткені туғалы бері аллергиялық демікпемен (астма) ауырып келемін. Тамаққа, көкөніс, қарбыз-қауын, цитрусты өнімдерді де жеуге тәбетім болмайды. Бала болып тәтті де жемеймін», деді мұңайып. Мұны естіген соң шыдамай орнымнан тұрып, «Келе қойшы, қызым, саған ем жүргізіп көрейін» деп бір алақанымды тамағына, бір алақанымды арқасына қойып ем жүргіздім. Он минутттан кейін Жәния өзін жеңіл сезінгенін қуана айтты. Қуанышына ортақтасқан қызым екеуміз жазылып кетесің деп үміттендіре түстік. Мұндай жеңілдікті бұрын-соңды сезінбеген Жәния біздің жылы сөздерімізден кейін жылап та қалды. Шын мәнінде, бұл дүниеде сенім мен ниет дұрыс болса, кез келген аурудың емі бар, – дейді Марат Ахметов.
Иә, дәстүрлі емшілік – рухани құндылықтарымыздың айрықша бір саласы. Оны жалғастыру және жаңғырту бүгінгі таңда кезек күттірмейтін мәселенің бірі десек те қателеспейміз. Сондықтан Марат сияқты емшілік өнердің жолында, халықтың батасын алып, алғысына бөленіп жүрген жандардың жанайқайын тыңдап, идеяларын жүзеге асыруға қоғам болып атсалысып жібергеннің еш әбестігі жоқ деп ойлаймыз.
jambylinfo.kz