Шымкентте бұған дейін екі рет егіз босанған әйел үшемді дүниеге әкелді. Осылайша, отбасындағы бала саны онға жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
17 қыркүйекте Шымкент қалалық перинаталдық орталығында үшем кесар тілігі арқылы дүниеге келген. Сәбилердің екеуі – қыз, біреуі – ұл. Ата-анасы оларға Альсия, Сафия және Аймұхаммед деген есім берген.
Мерзімінен бұрын туған нәрестелердің салмағы аз болғандықтан, олар бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер алғашқы күннен бастап сәбилерге қажетті ем жүргізіп, кейін арнайы күтім бөліміне ауыстырған. Медициналық бақылаудың нәтижесінде үшемнің жағдайы жақсарып, салмақтары біртіндеп артқан.
Қазір үш сәбидің де салмағы екі келіден асып, денсаулық жағдайы тұрақталған. Дәрігерлер оларды ауруханадан үйіне шығарды.
Үшемді үйде жеті бауыры күтіп алды. Балалардың анасы үй шаруасымен айналысса, әкесі жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Айта кеткен жөн, 36 жастағы Ажар бұған дейін екі рет егіз босанған. Үшемнің дүниеге келуімен оның он баланың анасы атанғаны белгілі болды.
