Синоптиктер 2-4 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Қазгидромет" РМК мәліметінше, алдағы күндері белсенді атлантикалық циклон жырасына және байланысты атмосфералық фронтальды ағыстардың әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жаууы мүмкін.
"3 желтоқсанда солтүстік-батыста және солтүстікте, 3-4 желтоқсанда шығыста, 4 желтоқсанда еліміздің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қатты жауын-шашын жауады. Жауын-шашынмен қатар республиканың солтүстік жартысында көктайғақ пен бұрқасын болады", – дейді сионоптиктер.
Республика бойынша тұман түсіп, жел 15-29 м/с жетеді, еліміздің солтүстік-батысында және солтүстігінде жел екпіні кей уақытта 30 м/с және одан қатты болуы мүмкін.
4 желтоқсаннан бастап солтүстік-батыс антициклонының жотасымен суық ауа массалары енеді, бұл Қазақстанның басым бөлігінде температураның күрт төмендеуіне әкеледі.
"Солтүстік-батыс және солтүстікте түнгі сағаттарда 7-21 градус аязға дейін, ал республиканың орталығы мен шығысында 5-15 градус аязға дейін төмендеуі ықтимал. Оңтүстік өңірлерде 0-5 градус аязға дейін шамалы төмендеуі мүмкін", - делінген хабарламада.