Қостанай облысында жас қыздарды бопсалаған екі ер адам қолға түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Күдіктілер жас қыздардың сеніміне кіріп, олардың интим фотосуреттері мен видеосын желіге тарататынын айтып қорқытқан.
Қостанай облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен ақша бопсалау фактісін анықтады. Күдіктілер жас қыздардың сеніміне кіріп, олардың қатысуымен интим фотосуреттер мен бейнелерді таратамын деп қорқытып, ақша бопсалаған.
"Чат-бот арқылы зардап шеккендерге бейнебайланыс арқылы хабарласқандар алдымен билеп, содан кейін киімдерін шешуді ұсынған. Әр манипуляция үшін қыздарға донат бойынша электронды ақша түскен. Кейіннен бот бұл видеоларды әлеуметтік желіге тарататынын, оны қаламаса, ақша төлеу керектігі туралы хабарлама жіберген. Ал ақшасы жоқтарға таныс адаммен онлайн режимде жыныстық қатынасқа түсу ұсынылған, – деді ҰҚҚІҚБ бастығы Серік Байгонов.
Осы дерекке сәйкес ҚР ҚК-нің 194-бабы (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазірдің өзінде 40-қа жуық қыз бопсалаушылардың ықтимал құрбаны болғаны анықталды. Іс бойынша интимдік фото және бейне материалдары бар электрондық ақпарат тасығыштар тәркіленді. Олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.