Алматы қаласында әлемнің ең үздік ЖОО рейтингінде 70-орын алатын CityU Гонконг қалалық университетінің филиалын Сәтбаев университетінің базасында ашу туралы үшжақты келісімге қол қою рәсімі өтті.
Сәтбаев университетінде СityU Гонконг қалалық ЖОО филиалы ашылды
1,103
оқылды

Аталмыш шараға CityU-нің Басқарма төрағасы Лестер Хуан, CityU университетінің президенті профессор Фредди Бой, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, сондай-ақ Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев қатысты, деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Сәтбаев Университетінің CityU университетімен ынтымақтастығы – Қазақстанда жоғары білім беру және ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру туралы бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен бүгін осы келісімге қол қою мүмкіндігі туып отыр. Өзінің бейнежолдауында министр Сәтбаев Университеті CityU-мен бірлесіп, инженерлік ғылым мен білім беруде өз базасында жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу орталығын құру мақсатында осы ынтымақтастық қарым-қатынастың маңыздылығы өте зор екенін атап өтті.

– Бүгін біз тарихи маңызы зор құжатқа, әлемдік жетекші екі университет арасындағы ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойып отырмыз, – деді министр өз сөзінде. – CityU университетінің ерекше тәжірибесі мен тарихы қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай бейімделген жоғары білімді қысқа мерзім ішінде дамытудың тиімді моделін қалай жасауға болатынын және ғылым мен инновацияны дамыту арқылы қандай табыстарға жетуге болатынын көрсетеді.

Сәтбаев университетінде CityU университеті филиалының ашылуы Қазақстан студенттері үшін жаңа перспективалар ашып, олардың білім алу тәжірибесін байытады және біздің елімізде жасанды интеллекті қолданудың ауқымын кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер береді.

«Біздің келісімшарт екі университет арасында мықты серіктестікті орнатуға бағытталған және ғылым мен білім беру саласындағы ынтымақтастық шекарасын кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді өз сөзінде CityU унивеситетінің Басқарма төрағасы Лестер Хуан. – Өйткені соның негізіне салынған ортақ көзқарасымыз арқылы біз жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың құндылығын мойындаймыз».

Екі университет арасындағы ынтымақтастық аясында материалтану және жасанды интеллект бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын жасау жоспарлануда. Сондай-ақ Сәтбаев Университетінің ғалымдары CityU-дің келесі жылы іске қосылатын жаңа ғылыми бағдарламаларына қатыса алады деп күтілуде. 

Екі университет арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас барысында Гонконг қалалық университетінің стандарттары бойынша жоғары білікті талантты мамандарды даярлауға көп көңіл бөлінеді. Екі университет бірлесе отырып, «3+1+1» форматы бойынша құрылған қос дипломдық білім беру бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл қазақстандық студенттерге бірден екі ғылыми дәреже – бакалавр және магистр дәрежесін алып шығуға, сондай-ақ Гонконгта CityU кампусында кемінде бір жыл оқып келуге мүмкіндік береді.