Ал Қазақстанда қанша сиыр бар? Ұлттық статистика бюросының 1 қарашадағы дерегіне сүйенсек, республикадағы мүйізді ірі қараның саны 9 млн бастан асқан.
Өзбек ағайындардың қотанындағы түлікті бекер түгендеп отырған жоқпыз. Өзбекстан осы күнге дейін қазақтың етін негізгі импорттаушы елдің бірі болды. Қорасы малға, базары етке толған ағайын өнімді сырттан сатып алудан бас тарта ма деген қауіп бар. Өйткені соңғы жылдары Ташкент мал шаруашылығын дамытуды белсенді қолдап, салаға әлемдік қаржы ұйымдарының да қаражатын тартқан. Өзбекстан Халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлескен бағдарлама аясында 2042 жылға дейін ұзақ мерзімді қарыз алған. Бағдарламаның жалпы құны – 227,8 млн доллар. Мал шаруашылығы – ұлттық экономиканың негізгі салаларының бірі. Оның үлесіне Өзбекстанның ЖІӨ-нің 13%-ы және ауыл шаруашылығында өндірілетін ЖІӨ-нің шамамен 50%-ы тиесілі. Өзбекстан Республикасы статистика агенттінінің дерегінше, 1 сәуірде халық саны 36,1 млн адамға жеткен. Яғни, елдегі мүйізді ірі қараның саны әр мыңыншы тұрғынға шаққанда 385 бастан айналады.
Бір қызығы, 1992 жылы Өзбекстанда сиырдың саны 5 млн 275 мың бас болыпты. Отыз жылдың ішінде көршінің мүйізді малы еселеп өскен. Ал біздегі төрт түліктің өсімі өте баяу жүруде. Мысалға, арыға бармай-ақ осыдан он жыл бұрынғы деректі қарасақ, 2013 жылы Қазақстанда 5 690 041 бас ірі қара болған болса, 2023 жылғы ресми көрсеткіш – 9 017,6 мың бас.
Өзбекстан біз үшін 2017-2019 жылдары әлеуетті экспорт көзі болғаны рас. Әсіресе, малды тірідей импорттауда ала шапанды ағайын бірнеше жыл әбжілдік танытты. Мәселен, ресми дерекке сүйенсек, тек 2019 жылдың өзінде 156 мың бас ірі қара, 263 ұсақ мал жүк көліктеріне тиеліп, шекара асқан. Бұл саудадан ірі фермерлік шаруашылықтар пайда тауып, малдың құны өскенімен, ішкі нарықта шұжық цехтарында шикізат жетпей, ет комбинаттары шу көтерген-ді. Жағдай ушығып бара жатқан соң Үкімет 2020 жылдың 1 қаңтарынан тірі мал экспортына мараторий енгізді. Яғни, өзағаңның сиырының саны 14 миллионға жақындауына өзіміз де септескен болып тұрмыз.
Дегенмен көрші елде көбейген малға жер шақ келмей жатыр. Соңғы жылдары мақта мен көкөніс және дәнді-дақылдар егістігі көлемі көбейгендіктен жем-шөп егетін алқап 73%-ға қысқарып кеткен. Біздегідей емес, Өзбекстанда жайылым жер о бастан аз. Біздегі демекші, әдетте, «Қазақтан жайлым жер көлемі жөнінен әлемде бесінші орында» деп ауыз толтыра мақтанатынымыз бар. Алайда ол көлемді тиімді етуге жұмыс істеліп жатқан жоқ. «Қазақстан агроодағы» АКРҚ президенті Алик Сағындықов Капитал.кз порталына берген сұхбатында біздегі 187 млн гектар жайылым жердің 88 млн гектары ғана пайдаланылып отырғанын айтыпты, қалған 86 млн гектар қор күйінде тұр.
«Бос жатқан жайылымды игеру үшін инфрақұрылым қажет. Жол салып, құдықтарын қазып, су жеткізу керек. Екінші мәселе – жем-шөп дайындау жұмысы. Кеңес одағы кезінде елдегі жалпы егістік алқаптарының 30%-ына жем-шөп дақылдары егілетін, қазір 15% деңгейінде, үш жыл бұрын тіпті 11% болды. Егер біз жем-шөп егістігін дамытпасақ, экспорт туралы ойлаудың қажеті де шамалы», – дейді ол.
Бұл мәселе 30 қараша күні елордада өтіп жатқан «Jańa Dala / Vet Astana ‘2023» мамандандырылған көрме-конференцияда да қозғалды. Халықаралық жиында сөз алған «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев экспортқа қозы етін шығаруға басымдық беру керегін айтты. Оның пікірінше, әлемдік нарықта сұраныс қой етіне де өсіп келеді. «Қазақстанда шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жайылым жер бар. Ол жерге сиыр малына қарағанда қой жайған ыңғайлы. Сондықтан ұсақ малдың басын көбейту қажет», – деді Е.Есенеев.
Оның пікірінше, қойдан бөлек, шалғайдағы жайылымдарға жылқы мен түйе малын өсірудің әлеуеті жоғары. «Соңғы жылдары жылқы еті Жапонияда сұранысқа ие, ал түйе сүті Қытайда өтімді. Қазіргі күні Қазақстан жылына 155 мың тонна қой етін өндіреді, ол ішкі сұранысты толық жабады. Араб елдері қазақстандық қозы етінің 1 келісі үшін 10 доллар төлеуге дайын. Сондықтан осы нарықты да ескеру керек», – деді ол.
Айтқандай, Астанада өтіп жатқан «Jańa Dala / Vet Astana ‘2023» халықаралық конференцияға қатысушылар ет экспортында жаңа нарық іздемей-ақ, көрші мемлекеттер Ресей, Қытай, Өзбекстан үш елдің нарығына кіре алсақ жеткілікті деген деген пікірді қолдады.
«Экспорт Қытайға да, Ресейге де тоқтап қалды. Өзбекстан алып тұратын еді, олар да азайтты. Қазір ол елге 3-4 ірі кәсіпорын ғана ет өткізеді, қалғанына орын жоқ. Себебі ол елге Беларусь арзан етімен кіріп жатыр, олармен бәсекеге түсу қиын. Біздегі еттің өзіндік құнына жем-шөп бағасы үлкен әсер етуде», – дейді Қазақстан Ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев.
Былтыр елімізде 924 мың тонна ет өндірілген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2022 жылы Өзбекстанға сиыр етінің экспорты – 18,3 мың тонна болыпты, дегенмен ол 2021 жылдан 2,5 есе артық. Ал биыл қаңтар-қыркүйек аралығында 17,5 мың тонна (72,7 млн доллар) өткізіппіз. Демек, өндірілген ет көлемінің негізгі бөлігі ішкі нарықта қалады. Десе де, мал баққан фермерге ауыр тиіп отырған негізгі мәселе де осы. «Біз ішкі тұтынудан 120% артық өндіреміз. Экспорттың есігі жабық тұрған кезде іштегі көтерме баға да арзандайды. Қазір базарлардағы сиыр етінің келісі 1 800-2 000 теңге шамасында болса, өзіндік құнға кететін шығын да сондай. Яғни, сауда орындарындағы ет бағасына фермерлер түк қатысы жоқ. Ол делдалдықпен қосылған баға. Фермер жыл сайын малының төлін сатып отыруы керек, себебі басқа кіріс көзі жоқ. Сатып ақша қылайын десе, алты ай баққан малдың құны кеткен шығынды ақтамайды. Сол себепті ірі қара өсіретін шаруашылықтар мал басын қысқартып жатыр. Экспортты жүзеге асыруды жылдамдатпай болмайды», – дейді Қазақстан Ет одағының басшысы.
Жалпы, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан 27 мың бас ірі қараны (10,2 млн доллар) тірі күйінде экспортқа шығарған. Оның – 23,8 мыңы Өзбекстанға, 3 мың бас Әзербайжанға өткізілген. Бүгінгі күні Өзбекстанға тұрақты түрде ет өткізіп отырған Түркістан облысындағы «Қайып Ата» ЖШС-ның атқарушы директоры Мақсұт Шығанбайдың сөзінше, шаруашылық 500 бас бұқаны сыртқа шығаруға квота алған, бүгінгі күнге дейін оның 200 басы сатылыпты. Айта кетейік, 2023 жылғы 17 қарашадан бастап Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен (15.11.2023 жылғы №389) бұқашықтарды сыртқа шығаруға арналған бір бордақылау алаңына квота лимиті ұлғайтылды. Құжатқа сәйкес, бордақылау алаңдарында 12 айдан асқан бұқашықтарды әкету лимиті 500-ден 4000 басқа дейін, ал бір тауар өндірушіге 200-ден 500 басқа дейін көбейтілді.
«Өзбекстанға ет өткізуді де іске асырып отырмыз. Биылғы 10 айда 3,5 мың тонна сиыр етін саудаладық, жыл соңына дейін 4 мың тоннаға жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Тек лабораториядан өткізерде 3-4 күн бөгеліп қаламыз. Еуропада лаборатория 24 сағат ішінде өткізіп жібереді деп естиміз, сондай жабдық бізге де келсе дейміз. Өйткені 1 күн тұрғанның өзінде еттің салмағы жеңілдейді», – дейді М.Шығанбай.
«Қайып Ата» кәсіпорының басшылығы Өзбекстан нарығына Беларусьтің ет өткізуші кәсіпорындары да таласып жатқанын айтады. Арзан бағада келетін ет қазақстандық өнімді саудадан ығыстырып шығаруы мүмкін. ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер Беларусь пен Ресейдің еті шекарадағы Батыс Қазақстан облысының фермерлеріне де қиындық келтіруде. Жәнібек ауданындағы шаруашылық иесі Бауыржан Сабанов екі елден келетін арзан өнім бағаны түсіріп тастағанын жеткізді.
«Мал етін саудаға шығару өзіндік құнын ақтамай жатыр. Жем-шөп қымбат. Биылғы жаз киік таптап тастаған соң шөп аз жиналды. Бізге жергілікті «Кублей» зауытына ет өткізіңдер» дейді. Олардың сиыр етінің 1 келісіне беретін бағасы – 800 теңге. Сырттан келетін арзан етке шектеу қойылса, бізге де мүмкіндік туар еді», – дейді ол.
Бүгінде Беларусьтің ет экспорты бізден өтіп, Қытай нарығын жаулауда. Биылғы қаңтар-тамыз аралығында Беларусь елі ҚХР-ға 9,1 млрд долларға мұздатылған сиыр етін сатқан. Осылайша, бізбен бір одақтағы ел Қытай нарығына ет импорттайтын Аргентина, Австралия, АҚШ, Уругвай, Жаңа Зеландия, Боливия, Ресейден кейін 8-орынға кірді. «Жэньминь жибао» онлайн газетінің жазуынша, Минскідегі «Александров» ет өңдеу кәсіпорны Шыңжан-Ұйғыр автономиялы аймағына ет жеткізіп отыр. Яғни, Минскіден шыққан ет керуені 4 807 шақырымды жүріп өтіп, Ресей, Қазақстан арқылы Алашанькоу құрғақ портына жетеді. Жалғыз Беларусь емес, пандемиядан кейін Қытайға ет эскпортын Ресей де жолға қойып үлгерген. Мәселен, 2022 жылы РФ құрамындағы Башқұрт Республикасы 11 мың тонна ет өнімдерін жіберсе, биылғы тоғыз айдағы экспорт көлемі 70 мың тоннаға жеткен. Іргедегі үлкен нарыққа жете алмай отырған біз ғана. Дегенмен Қазақстан Үкіметі де ҚХР-ға ет сату мүмкіндігін қарастырып жатқандай. 2023 жылғы 27 қарашада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ҚХР Бас кеден басқармасының төрағасы Юй Цзяньхуа мырзамен кездесуде салқындатылған сиыр етін жеткізуге дайын екенін айтты. Тек Қытай тарапы қолданыстағы шектеулерді алып тастаса болғаны. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин «Айқынға» берген сұхбатында осы айда ҚХР Бас кеден басқармасы мамандары Қазақстанға арнайы сапармен келетін айтты.
«14-27 желтоқсан күндері ҚХР-дың ветеринар мамандары келіп, біздегі жұқпалы ауруларға қарсы жасап жатқан шараларымен танысады. Егер өздерінің талаптарына сай деп таныса, елдеріне оралған соң акт жасап, біздің ет өнімдерін қабылдауды бастайды», – деді А.Бердалин. Вице-министрдің сөзінше, ең біріншіден қаралатын мәселе – ірі қара малдың салқындатылған етін өткізу жағдайы.
«Алдағы уақытта Қытай тарапы тауық етін сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ шұжық өнімдеріне қызығушылықтары бар. Келесі кезең қой етінің экспорты жөнінде болмақ. Басты мәселе – шекарадан өткізетін кедергілерді алып тастау. Олар ірі қараны тірі күйінде де алсақ деп сұрап отыр, ол туралы мемлекетаралық келісімдер жасалуы тиіс», – деді ол.
Қазақстан Ет одағының басшылығы да экспортқа малды тірідей шығару тетігін қолдайды. «Сиыр етін өткізу бойынша Қазақстан сыртқы нарықта бәсекелес бола алмайды. Ал тірідей сатсақ, өзіндік құны өзге елдерден тиімдіріек шығады. Сондықтан тірі күйінде өткізуге шектеу қоймауымыз қажет», – дейді М.Бақтыбаев.
Негізі, малды тірі күйінде экспорттау әдісі әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, Аустралия жыл сайын нарыққа 6,4 млрд долларға ет сатады, ал тірі күйінде өткізген малдан түсетін түсім – 1 млрд доллар. Бразилия ет экспортынан 5,4 млрд доллар, тірі малдан – 0,5 млрд доллар түсіреді. Байқасаңыз, барлығында ет күйінде өткізген сауданың көлемі жоғары. Ал Қазақстанда кезінде керісінше болды. Мысалға, 2019 жылғы шекара асқан тірі мал 74 млн долларға сатылса, сиыр етінің көлемі 16,6 млн долларды құрапты. Сондықтан ақшаға қызығып, тірі малды түгелдей сыртқа өткізіп жіберу қаупін де ескерген жөн.
Бауыржан БАЗАР