Біраз жыл бұрын «Тәттімбет Қазанғапұлы – XIX ғасырдың ұлы күйшісі, лирикалық және эпикалық дәстүрлерін байланыстырған шертпе күй дәстүрін жалғастырушысы» деп қана оқыды оқырман, осылай деп таныды өнерпаздар. Оның ұстазы Қызымойын Қуандық Байжігіттің шәкірті болған.
Негізінде, Тәттімбет өзінің әділдігімен халыққа танымал би, қазы, мәмілегер, семсерлесуші, алтын өнеркәсібінің қожасы, Қоянды жәрмеңкесінің негізін қалаушылардың бірі болған. Оның үстіне, Тәттімбет патшалық әскердің жүзбасылық қызметін атқарған.
«Тәттімбет ақсүйектер әулиетінен шыққан, сондықтан Кеңес үкіметі кезінде оның шығармалары халыққа қарсы шыққан деп түсіндірілген, ал оның ұрпағы XX ғасырдың 20-30-жылдарынан бастап қуғынға ұшырап, Қарағанды облысы Қарқаралы ауылынан, туған жерлерінен қоныс аударған.
Тәттімбеттің өмірінде ең басты орын алатын бір нәрсені – музыкалық шығармашылығы немесе саяси-қоғамдық қызметі ме, айту қиын. Дегенмен өзінің даналығы, игілігі, қайырымдылығы нәтижесінде Тәттімбет замандастары үшін әрқашанда еш нәрседен тайсақтамайтын ер мінезді, тіпті адамгершілігі мол абыройлы адамға айналды», – деп жазады «Тәттімбет – тарихи тұлға» атты мақаласында Аян Әден.
Тәттімбеттің әке-шешесі оның би болғанын қалаған, сондықтан Қарқаралының әйгілі биіне шәкірт ретінде тапсырған. Сот ілімі бұлағы жасөспірімге оңай берілген – дала құқығын шапшаң игеріп, шешендік өнерінің негізін тез меңгерген. Көп кешікпей, жастығына қарамастан Тәттімбет дербес сот тәжірибесін бастады. Ол әртүрлі наразылықты реттеп, көптеген даудың шешімін қабылдап, сот ісін басқарған. Өзінің тапқырлығы, өткір тілділігі және де туралығы арқасында жас би бүкіл аймаққа танымал болған.
Тәттімбет өмір бойы қазақ елінің амандығы үшін отарлық тәуелділікке қарсы күрескен. Тәттімбет Қазақстанның алтын қазу өнеркәсібінің басында тұрған. Мыржық тауының Маныбай қайнарының маңында Шайырғалы шахтасы сақталып қалған.
Кейінгі жылдардағы жазбалар тарихты бұрмалаудан сақтап қалмақшы. Олай болса білгеніміз, там-тұмдап тергеніміз дұрыс. Тәттімбет Тобықты руының аға сұлтаны Құнанбай Өскенбайұлының (Абайдың әкесі) сенімді өкілі болған. Ол Құнанбайдың тоқалы, Абайдың шешесі Ұлжанның інісі еді. Құнанбай Тәттімбеттің үлкен рухани беделін қиын мәселелерді реттеу үшін қолданған. Солай Тәттімбет Құнанбайдың тапсырмаларымен Батыс Түркістанның қазақтарына ресейлік азаматтығын қабылдау үшін жіберілген. Тәттімбет арнайы осы тапсырма үшін «Алшағыр Шаған» және «Қорамжан» атты күйлерін шығарған.
Тәттімбеттің тағы да бір қыры – Кенесары ханға сапары. Патшалық колониалды әкімшілігі қазақтың соңғы ханына қарсылықты доғартып тұтқынға берілуді ұсынған, алайда Тәттімбет құпия түрде Кенесарыға Қырғызстан арқылы Қытайға шығуды айтқан. Әйткенмен, Кенесары хан қырғыз манаптары ұйымдастырған торға түсіп, ұрыста қаза тапты. Тәттімбеттің жан-тәні көтерілісшілермен бірге болды. Кенесары ханға арналған Тәттімбеттің «Азына» атты күйі сөзімізге дәлел.
«Тәттімбеттің бізге дейін жетіп, нотаға түскен 27 белгілі күйі бар. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметі кезінде шертпе күй бай-шонжарлардың өнері саналып, оларды халық арасында кең таратуға тыйым салынған. Тек Әбікен Хасеновтің қайсарлығы арқасында үнтаспаға жазылып, бізге дейін жеткен. Кезінде елімізге белгілі күйші Мағауия Хамзиннің: «Жан сақтау үшін біз төкпе күй мен шертпе күйден «гибрид» жасап, халыққа шертпе күйлерді жеткіздік қой», – деп айтқаны бар. Тәттімбет белгілі көпес Варнава Ботовпен бірігіп, қазақ даласындағы тұңғыш тауар биржасы – Қоянды жәрмеңкесін ашады. Бұдан бұрын қазақтар малын Қытай мен Ресейге айдап апарып сататын немесе алыпсатарларға арзан бағаға өткізетін. Енді қазақтар ауыл шаруашылық өнімдерін сол жерде саудалап, тікелей өздері пайда тауып отырды. 1913 жылы Қоянды жәрмеңкесінің айналымы 5 миллион рубльге жетіп, мыңға жуық киіз үй тігілген. Сол кезде ең қымбат мал – бір ту биенің құны 20 рубль болған. Осы Қоянды жәрмеңкесінің арқасында сол кездегі қазақ даласындағы ең ауқатты адамдар – Орта Жүздің байлары болды», – дейді публицист, ағыбайтанушы, өлкетанушы Жұмағұл Шөженов. Тәттімбеттің енді бір қыры – Шығыс Түркістандағы қандастарымызға арнайы барып, тезірек Ресей империясының қоластына өтуге кеңес бергені. Өйткені Ресей мен Қытайдың шекарасы жабылса, қазақтар екіге бөлінетінін сол кездің өзінде сезген. Сол уақытта оның шығарған күйлері: «Алшағыр-Шаған», «Қорамжан» және «Жазғы қайғы» осы оқиғаларға арналған. Ол Кенесары ханмен тығыз қатынаста болып, халық көтерілісін белсенді түрде қолдаған. Тәттімбеттің Шығыс Түркістанда болуының басты себебі – Кенесарыны қырғыз жері арқылы Қытайға өткізіп жібермек ойы болған. Бірақ Кенесары қолы қапыда қырғыздар құрған торға түсіп қалады. Тәттімбет сол қайғылы оқиғаға байланысты «Азына» деген белгілі күйін шығарған. 1849 жылғы Қарқаралы ауданында аға сұлтандыққа өтетін сайлауда басты кандидат Тәттімбет еді. Өйткені ол қай жағынан болса да, басқа үміткерлерден оқ бойы алда тұрған. Бірақ Омбыдағы генерал-губернатордың Тәттімбеттің кандидатурасын өткізбей тастауының басты себебі – оның Кенесары ханмен тығыз байланыста болғаны. Тәттімбет қазақ жерінде алғашқылардың бірі болып, кен өңдейтін зауыт ашқан. Архив құжаттарына сәйкес, 1856 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Х.Гасфортқа және Алтай тау-кен зауытының басқармасына хат жолдап, алтын кен орындарын барлауға рұқсат сұрайды. Осыдан кейін Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесінде алтын кен орындарын барлаушы Тәттімбет Қазанғаповқа арнайы іс ашылады. 1856 жылдың 13 тамызында Ресей империясының қаржы министрлігінен, Тәттімбет Қазанғаповқа Орталық Қазақстанда алтын және басқа да бағалы металдарды барлауға және өңдеуге рұқсат қағаз келеді. Бұл рұқсат қағазды Тәттімбетке Томск қаласында орналасқан Алтай тау-кен зауыты басқармасының төрағасы арнайы өзі келіп тапсырған. Өмірінің соңына дейін Тәттімбет өз атағын одан сайын асқақтатқан әрі сол кездегі басқа да қазақ зиялыларына үлгі боларлық осы кәсіппен айналысқан.
Бүгінде Тәттімбет атында ұлт аспаптар оркестрі, өнер колледжі, ескерткіштер, көше бар. Бірақ халық күйшінің басқа қыры, металлургия саласындағы еңбегін біле бермейді...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ