Әр кітаптың өз тағдыры бар

«Әр шығарманың да өз тағдыры болады», – дейді Семей ядролық полигоны зар­даптары жайлы жазыл­ған белгілі романның авто­ры Сәуле Досжан.

Жазушы­ның айтуынша, соңғы бір­неше жылда алты роман жазып шығыпты, алайда «Қасірет пен тағдыр» рома­ны­ның тағдыры ерекше сәтті болғанын мойын­дай­ды. Кітап баспадан шыққан кезде қазақтың белді әде­биетшілері мен сыншылары пікір білдіріп, көлемді ре­цен­зиялар бірінен кейін бірі жарыққа шықты. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына ілініп, жыл бойы еліміздің барлық кітап­ханалары кітапты жүйелі на­сихаттады. Романның ел көлемінде танымал болуы­на бұл шара да үлкен әсер еткені рас:  

Кез келген кітаптың наси­хатын қолға алған кезде оны тек ел шеңберінде емес, шетелге де таныстырған дұрыс. Бұл кітап ең бірінші орыс тіліне, кейін жапон тіліне аударылды. Токио қала­сында тұсаукесері өтті. Қазіргі уақытта ағылшын, қытай тіл­деріне аударылып жатыр.

Кітапты екінші бір тілге аудару әсте оңай жұмыс емес. Бұған академиялық әдіс-тәсіл керек. Ең алдымен, бұл жұмыс асығыстықты ұнатпайды. Осы орайда аудармашылармен жұ­мыс істей жүріп, үйренеріміз, кө­кейге түйеріміз де көп екені рас.

 «Шығарманың өз тағдыры болады» деп автор неге айтты? Бұл кітап танымалдылыққа ие болғаннан кейін алдынан әртүр­лі жолдар ашыла түседі. Бірде ҚазҰУ оқытушысы Гүлмария Оспановадан чикаголық таныс профессор Қазақстанда соңғы шыққан қандай жақсы романдар бар екенін сұрайды. Ол кісі «Қасірет пен тағдырды» ұсынған екен. Сөйтіп, электронды нұсқа­сы профессордың поштасына жіберіледі. Романды оқып шық­қаннан кейін ғалым-аудармашы кітапты ағылшын тіліне аударуға шешім қабылдайды.

Осы оқиғадан бері бір жыл­дай уақыт өтті. Профессор Диана Немец-Игнашева Қа­зақстанға келіп, автормен және оның жұмыс тобымен кездесті, бірігіп жұмыс барысын жос­парлады. Ең алдымен «Қасірет пен тағдыр» романы жіті зерт­теуден өткізілді. Әртүрлі сұрақ­тар айналасында сұхбаттар жүр­гізіліп, сілтемелер тізбегі жа­салды. Мақалалар жазылды. Осы зерттеулер нәтижесінде, жақында АҚШ елінде «Қасірет пен тағдыр» романына арналған үлкен ғылыми конференция өткізілмекші. Одан кейін кітап тұсаукесері, баспагерлермен жұмыс күтіп тұр.

Осы конференцияның ал­дында ғалым-аудармашы Семей өңірімен танысып қайтуға өтініш білдірді. Ол Қазақстанға өзінің редакторы, ұзақ жылдан бергі әріптесі, профессор Анна Дотлибовамен бірге келді. Жуырда жазушы Сәуле Досжан қасына ерткен серіктерімен қасиетті Семей жеріне аяқ бас­ты. Тарихи орындарға бай Семей қаласын музей-қала деп атасақ та артық емес. Абай облысы мәртебесін алғалы қала ішінде қатты өзгеріс болғаны байқа­лады. Тазалығы мен жинақылығы еріксіз назар аудартады.

«Қасірет пен тағдыр» романы насихатына о бастан қатты көңіл бөлген бір оқу орны болса, бұл – Семейдегі М.Әуезов атын­дағы педагогикалық кол­ледж. Келген сайын кітап авторын құшақ жая қарсы алып, төрін ұсынады. Сту­денттері – шетінен өнерлі, ру­хани азыққа құмар жас­тар. Сахнаға шығып, роман­нан үзінді оқыған кезде сай-сүйе­гіңді сыр­қыратты десем бо­лады. Чикаго­дан келген про­фес­­сор қазақ тілін түсінбесе де, өнердің құдіреті болар, көзіне жас алып отырды. Осы мекеме­нің директоры Шағангүл Жанае­ва 120 жылдық тарихы бар пед­кол­ледж ішін ара­латып, ке­зінде семинария қа­быр­ғасынан білім алған белгілі тұлғалардың өмір тарихымен таныстырып өтті. 

Келесі күні Күшікбай-Бөрілі-Жидебай-Қарауыл жо­лы­мен сапарға шықтық. «Қара­ша, желтоқсанмен сол бір екі ай» өлеңіндегідей, шығыстың жыл­дағы қара суығы биыл әлдеқайда жоғалғандай, ауа райы май тоң­ғысыз. Жол сайрап жатыр. Кү­шікбай асуынан өтіп, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйіне ат басын тіредік. Жота­сында Көксерек жортқан бұл тарихи орынның аурасы ерекше. Бөріліде Сәуле Мағазбекқы­зының ерекше толқыныста болғаны сезілді. Өзімен бірге ала келген «Қасірет пен тағдыр», оның жалғасы «Үзілмеген үміт» және соңғы шыққан «Мың­жылдық махаббат» кітаптарын тарту етіп тұрып: 

«Осыдан алты жыл бұрын келген кезімде қолымда ештеңе болмап еді. Себебі, бұл өңірмен танысу, зерттеу мақсатында келген болатынмын. Бүгін міне, сол сапардың нәтижесі – кітап­тарымды әкеліп тұрмын. Бұл сапар маған Әуезовтей үлкен жазушының рухы алдында есеп беру сияқты сезіліп тұр», – деді.

Чикагодан келген қонақтар Абай қорық-музейін, тарихи орындарға бай Семей қаласын аралап, үлкен әсермен қайтты. 

Анар ҚАБДУЛЛИНА,

әдебиеттанушы