Баланың бойындағы жақсылы-жаманды қа­сиеттерін байқаған халқы­мыз оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесімен байланыс­тырады. «Тегіне тартқан екен», «Әкесі сондай адам еді» деп, міндетті түрде ер адам тәрбиесі туралы айтып отырған. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі.
«Менің тәлімгерім»: бір әкенің тәрбиесі
1,524
оқылды

Бірақ өмір болған соң бәрі бірдей бір орында тұрмайтыны белгілі. Әкесі өмірден ерте озған балаларға қайтпек керек? Жа­қында атыраулық еріктілер «Менің тәлімгерім» жобасын іске қосты. Жобаның авторы Сандуғаш Көкенованың ай­туын­ша, мақсат – әкесі өмірден өткен балалардың тәрбиесіне әке тәлімі арқылы атсалысу.

«Тарихты қарап отырсақ, бала тәрбиесіндегі әке тәлімінің орны ерекше болған. «Әке көрген оқ жонар» демекші, атбе­гілік, құсбегілік, қолөнер сияқты ерекше ептілікті қажет ететін дүниелерге кезінде балаларын әкелеріміз баулыған. Ұлы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыс­тағы аузы дуалы абыз ақса­қалдарға «сәлем беріп келуге» жіберулерінің өзінде үлкен мән жатыр. Әкелер ұлын сынап отыру арқылы, көп тәрбие берген», – дейді Сандуғаш Көкенова.

Айтуынша, жобаға 7-12 жас аралығындағы балаларды іздеп тапқан.

«Жобаның жүзеге асуына жергілікті «Азаматтық орталық» мекемесі атсалысты. «Менің тәлімгерім» жобасына өмірден өз орнын тапқан, 10 азаматты таңдап алдық. Олар 2,5 ай бойына қам­көңіл балалармен бірге болып, өмірлік тәжіри­белерімен бөлісті. Әкеден айы­рылып, жүрегі жа­раланған ба­лалар осы қысқа мерзім ішінде жаңа орта, жаңа дос тапты дейді», – жоба авторы. 

«Менің тәлімгерім» жоба­сына қатысқан әкелердің қата­рында оқу орындарының бас­шылары, мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер де бар.  Ақын, қоғам белсендісі, жеке кәсіпкер Арман Жайық – осы жобаға қатысқан әкенің бірі. Арман Жайықтың өзі – төрт баланың әкесі. Қазір ол әкесі көз жұмған Жақсыбек есімді 8 жасар балаға тәлімгер болып жүр.

«Ер баланың қоғамда өз орнын тауып, лайықты азамат болып ер жетуіне әке тәрбиесінің ық­палы ерекше. Мақсатымыз – жалғызбасты ана тәрбиелеп отырған балаға әке жылуын сезіндіру болды», – дейді Арман.

Бастапқыда Арманды кіш­кентай Жақсыбек тосырқай қабылдаған. Әлеуметтік жоба­ның не екенін түсіне қоймаған бала жаңа «әкесіне» үйрене қоймапты. 

«Суыртпақтап отырып, сөздерін әрең суырып алатын­мын. Қазір  үйренісіп кеттік. Күнінің қалай өткенін, сабақта не істегенін әңгімелеп береді. Өзімнің төрт балам үшін бұл жаңалық болмады. Себебі үйге жетім балалар көп келеді. Мұн­дай көңілі жарым балаларға әуелден есігім ашық», – дейді Арман.

Жақсыбекті Арман әдебиет­танушы-ғалым, филология ғы­лымдарының кандидаты, жазу­шы Мақсат Тәж-Мұраттың «Мәншүк: мұз бен жалын жыры» және «Неизвестная война. Мәншүк» кітаптарының та­ныстырылымына апарған.

«Кезінде көнекөз қария­ларымыз тарихта болған жай­ларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айту арқылы, қазақтың маңдайына біткен кең де, дархан даланың қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігін бала жүрегіне жеткізе білген еді. Абыз ақсақалдарымыздың деңгейіне жете алмасақ та, рухани демалыстарға көп көңіл бөлуімнің мәні осында еді. Яғни, бала туып-өскен елінің тарихымен сусындай алуы керек. Тіпті, қазірдің өзінде біздің рухани демалысымыз жалғасуда. Біз Жақсыбекпен сенбі, жексенбі күндері кездесіп тұрамыз. Алға қарай осы ба­ланың ер жетіп, отау құрғанға дейінгі өміріне де араласып, барынша қолдау білдіргім келеді. Ең болмағанда бір арманының орындалуына себепші болсам екен», – дейді Арман.

«Бұқар жырау «Әкелі бала – жаужүрек, жиын-тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін» дейді. Яғни, бұл жерде жырау әке тәлімін көріп өскен баланың әкесінің арқасында алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез келген қамалды бұзуға дайын болатынын айтып тұр. «Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады» дейді. Яғни, бұл жерде әкесіз өскен баланың жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Сондықтан бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын біл­геніміз жөн» деген Арман қысқа мерзім ішінде Жақсыбекке әб­ден бауыр басып қалғанын айт­ты. Төрт емес, енді бес баланың тағдырына жауапкершілік алып отырған Арман әке тәлімін насихаттау бір жоба шеңберінде аяқталмауы керек екенін айтады. 

Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте ту­ғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі. Міне, осы бір ғана мысал – әке мектебінен өткен баланың сол мұраға қиянат жасамауға тырысатынын паш етіп тұр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА