Атырау облысы Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Есмұхан Қажкеновтің мәлімдеуінше, осы жылдың көктемінде жүктелген 633 адамнан 595 азамат әскерге шақыртылған,- деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Бұл жүктеменің 94% орындалып отырғаны. Ал күзгі шақырту 652 сарбазды құраса, күні бүгінге дейін 492 азамат әскерге жөнелтіліп, жоспар 75% орындалды. Жүктеменің толық орындалмауының басты себептері, ол - шақырту контингентінің әскерге қызмет етуге ынтасының болмауы және денсаулық жағдайларына байланысты,- деді Е.Қажкенов.
Өңірден аттанған сарбаздар ҚР Қарулы Күштері, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі, ТЖМ және Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде өз борыштарын өтеуде.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен қамтамасыз ету іс-шараларына жергілікті бюджеттен 124 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.