Танымал әнші Алтынай Жорабаева әлеуметтік желідегі парақшасында жүктілігі туралы айтылған қауесетке жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Өнер иесінің айтуынша, бұл – жалған әңгіме. Ол мұндай қауесетті жақын танитындар айтқанын естігенде қынжылған.
"Өткенде бір әңгіме естіп шошыдым. Ол әңгімені жақын құрбымнан естідім. Туысқандары мен араласатын адамдары намаз оқиды екен. "Алтынай аяғы ауыр емес екен ғой, жай ішіне бірнәрсе салып алған екен ғой, күйеуінен бала болмайтын болған соң, біреуден алайын деп жатыр екен" депті. Сондай ойға дейін қалай дәті барады екен. Менің істейтін шаруам жоқ па, кімнен қорқып жүрмін. Алла берсе берсін, бермесе қойдық деп жүрген адамдар едік. Міне, Алланың қалауымен, дұғамның арқасында, емделудің арқасында Алла берді. Ешқандай эко емес, шынымен Алла берді. Сондай әңгімеге дейін баратын адамдарға шынымен жаным ашиды. Не деуге болады оларға?", – дейді өнер иесі.
Әншінің айтуынша, концертке барғанда ішін басып көретін адамдар болған.
"Имандары қайда қалды деп ойлаймын. Өкінішті. Тіпті, мен той мен концертке барғанда ішімді басып көретін адамдар болды. Ішімді кәдімгідей басып көреді. Сондайға дейін аңдитын адамдар бар екен. Ниетті дұрыстау керек", – дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін әнші қыркүйекте жүкті екенін жариялаған еді.
"Алишер екеумізге Алла тағалам сәби сүюді нәсіп еткелі жатыр екен. Алишердің төбесі көкке бір елі ғана жетпей қалды қуанғаннан. Негізі 3 жылдай қатты үміттенген едік... Содан былтырдан бері үмітімізді үзген еді. Себебі жас та келіп қалды дегендей... Мені қоя берші, Алишерді қатты уайымдадым, Алла бір бала берсе екен деп. Сонда Алишер: "Жаным-ау, уайымдама, бәрі Алланың қалауымен болады. Мен ертең Алланың алдына барғанда, "неге балаң болмады" деп сұралмаймын. Қыздарға қандай әке болғаным үшін, саған қандай жар болғаным үшін сұраламын" деген соң мен де кішкене уайымым басылды. ...Пендешілікпен ұл болса деп қоямын, ал Алишер "ұл бола ма, қыз бола ма сендей жаннан перзент сүйсем бақыттымын" дейді", – деп жазды өнер иесі.