Атырау облысы Мақат ауданының білім саласында 11 қызметкердің жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Мақат ауданы прокурорының орынбасары Ерлан Какиевтің мәліметінше, жалған дипломды пайдаланған қызметкерлердің 4-еуі мектепте мұғалім болған. Ал 8 қызметкер жалған дипломмен балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген.
«Жалған дипломды пайдаланумен байланысты 11 дерекке қатысты қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз төленген жалақыны кері қайтару шарасы қолға алынды. Осы кезге дейін 8 қызметкер тарапынан бюджетке келтірілген 4 млн теңгеге жуық залал өндірілді», – дейді Ерлан Какиев.
Оның дерегіне сүйенсек, 2 тәрбиешіден 4 млн теңге бюджетке қайтарылуға тиіс. Ал бір тәрбиешіге қатысты күмәнді жайт туындаған.
Сол себептен қосымша деректер жинақталып жатыр.
Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен 5 млн теңгеге жуық несие алған 2 маман жұмыстан шығып кеткен.
Осыған байланысты аудандық прокуратура несиені бюджетке қайтару мәселесін бақылауға алып отыр.