2024 жылы мемлекет қаржысына түсірілген 30-ға жуық фильм прокатқа шығуы мүмкін.
Құрманбек Жұмағали: Мақсатымыз –  ұлттық киноны халыққа қолжетімді ету
1,238
оқылды

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландырумен әр жылдары түсірілген 29 толықметражды фильм дайын тұр.  Олардың жартысының өндірісі енді ғана аяқталып жатса, ертеректе түсірілген кей туындылар түрлі себепке байланысты әлі де прокатқа шықпаған. Осыған байланысты Киноорталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали бұл фильмдерді 2024 жылы жарыққа шығару мүмкіндіктерін талқылады. Оның айтуынша, ұлттық бірлігіміз бен идеологиямызды дәріптейтін кинолардың көрерменге қолжетімді болуы маңызды.

«Менен «біздің ұлттық фильмдеріміз қайда?» деп сұрап жатады. Бұл өте орынды сауал. Себебі соңғы жылдары мемлекетіміз кинематография саласына қомақты қаржы бөлгенімен, көрермен оның нәтижесін көрмей отыр. Фильмдер түсіріледі, алайда көбі прокатқа шықпайды. Әр туынды түсіріліп болған соң сөреде шаң басып қалмауы тиіс. Прокат болсын, фестиваль болсын, стриминг платформалар, телеарналар арқылы болсын – отандық көрерменге қолжетімді болуы керек. Бұл халықтың ақшасына түсірілген фильмдер. Сондықтан жауапкершілікті түсініп, оның көрерменге жетуіне күш салу қажет»,  деді Құрманбек Жұмағали.

Экранға шықпаған туындылардың қатарында тіпті 2019 жылғы конкурстың нәтижесінде түсірілген фильмдер бар. Авторлардың көбі фестивальдерге қатысамын деп ұзақ уақыт жүріп қалғанын айтты. Бұған қоса,  тарихи оқиғаларға негізделген, ұлы тұлғалардың мерейтойына арналған жобалар да жетерлік. Бұл фильмдердің премьерасы үлкен оқиғаға айналып, халыққа дұрыс жетуі аса маңызды екенін атап өтті Киноорталық басшысы.

«Кейбір киногерлер бар. Бастапқыда мемлекет қаражатына фильм түсіру үшін өздерінің жобаларын асыра мақтап, конкурстан жолдама алған. Бірақ соңында жобаларын одан әрі ілгерілету жұмыстарынан өздері бас тартқан. Бұл дегеніміз, олардың мемлекеттік қаржыға деген тек тұтынушылық көзқарасын көрсетеді. Егер фильмнің көрерменге жетуі авторлардың өзіне қызық болмаса, оны түсіріп не қажет? Мұндай компаниялар мен авторлар бойынша орталық болашақта бір шешім шығаратын болады»,  деді Киноорталықтың басқарма төрағасы.

Әрине, авторлық фильмдердің орны бөлек. Олар кемінде бір жыл халықаралық фестивальдерді аралап, уақытын өткізіп алады. Әрі мұндай туындылардың прокатқа шығуы да қиын. Себебі  қарапайым көрермендер авторлық киноларға көп бара бермейді. Дегенмен оны іздеп жүріп көретін де киносүйер қауым бар. Сондықтан  авторлық фильмдердің де прокатқа шығуына мүмкіндік берілу кереігі ерекше айтылды. Тізімге Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу», Дархан Төлегеновтің «Ағайынды», Кенжебек Шайқақовтың «Айқай», Серік Апрымовтың «Ауыл» және тағы басқа фильмдері кіреді. Аталмыш картиналардың да прокаты келесі жылға жоспарланып отыр.

Жақсы жаңалығымен қуантып жүрген жобалар да жоқ емес. Мысалы, жуырда ғана жарыққа шыққан  Burkit  экшн фильмі бір айда отандық прокаттан қомақты қаражат жинады. Ал «Ева. Батыр қыз» секілді деректі картина соңғы жартыжылдықта 13 халықаралық кинофестивальден жүлделі оралды. Бақыттас Санитастың «Тезек» картинасы қазір әйгілі  Netflix  компаниясымен келсіссөздер жүргізуде. Әділхан Ержановтың «Мүйізтұмсық» атты киносының әлемдік премьерасы келесі жылы беделді Роттердам кинофестивалінде өтеді. Қорыта келгенде, жиналған қауым дайын тұрған 29 жоба 2024 жылы толығымен жарыққа шығуы керек деген шешімге келді.

«Әрбір фильмнің ең басты жеңісі – оның өз көрерменін табуы. Біздің мақсатымыз –  ұлттық киноны халыққа қолжетімді ету. Себебі  отандық кино ең әуелі өзіміздің көрерменге қажет! Сол үшін барлығымыз – Киноорталық, фильм авторлары және дистрибьютерлер бірігіп жұмыс істеуіміз керек»,  деп қорытындылады Құрманбек Жұмағали.