Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін «Жастар рухы» Жастар қанаты қалалардағы ашық кәріз құдықтарына мониторинг жүргізіп жатыр.
Жастар ашық люктерді тексеру жұмыстарына кірісті
741
оқылды

«Қауіпсіз қала» дегенде қандай қаланы көз алдыңызға елестетесіз? «Қауіпсіз қала» ұғымы қандай критерийлерді қамтиды? Мәселен, факторлар жиынтығы бойынша Копенгаген 100-ден 82,4 ұпай жинап, қауіпсіз қалалар тізімінде бірінші орынға ие болды. Одан кейін Торонто (82,2) және Сингапур (80,7) қалалары тұр. Үздік 10-дыққа Сидней, Токио, Амстердам, Веллингтон, Гонконг, Мельбурн және Стокгольм кірді. 

Бұл рейтингті The Economist Intelligence Unit (EIU) халықаралық зерттеу агенттігі жүргізеді. Ол қалалардың қауіпсіздігін қылмыс деңгейі, құқық қорғау органдарының сенімділігі, Денсаулық сақтау және инфрақұрылым сапасы, орташа табыс пен теңдік деңгейі сияқты көрсеткіштер негізінде бағалайды.

Естеріңізде болса, елімізде соңғы екі апта ішінде Қызылорда және Түркістан облыстарында екі бала люктерге құлап, қаза тапты. Ал бұл – люктердің ашық қалуы мен белгілі бір қадағалаудың болмауы салдарынан. 

Осындай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін «Жастар рухы» Жастар қанаты қалалардағы ашық кәріз құдықтарына мониторинг жасауда. Бүгін мониторинг Шымкент, Қызылорда, Семей, Қостанай, Қонаев қалаларында өтсе, Астана қаласының жастары өткен мониторингтерде анықталған бұзушылықтардың көбі түзетілген дейді. Атаулы іс-шараға 300-ден аса адам қатысып, 130-ға жуық нысандар тексерілді. 

Шымкент қалалық «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ердәулет Жүнисбек бұндай рейдтер сапалы әрі жиі өткізу бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді дейді. 

«Кезекті рейд барысында анықталған бұзушылықтарды тиісті орындарға тапсыру арқылы оң  нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз. Көптеген мектеп, тұрғын үйлер мен балабақшалар маңында ашық люктерді анықтағанбыз. Рейдтерді қайта жүргізіп тура сол нысандарға қайта барамыз. Яғни, бұл біз бұзушылықтарды анықтап, сонымен жылы жауып қоя салмайтынымызды көрсетеді. Қаламызда орын алған келеңсіз оқиғаларды ескере отырып, мұндай акциялар сол жағдайлардың санын азайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. Біз үшін ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігі», – деп атап өтті Ердәулет Жүнисбек.

Мұндай акцияларды Жастар қанаты тұрақты түрде өткізіп тұрады. Әсіресе, жаз айларында шомылу орындарына рейд жүргізіп, рұқсат етілмеген жерде шомылу жағдайларының алдын алу, тұрғын үйлер мен мектептер шатырының қауіпсіздіктеріне мониторинг жасайды. 

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 20 қарашасынан бастау алған полиция департаменттерімен бірлескен вандализм деректерін, мүліктік залал келтіруді, ұсақ бұзақылықты, жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы бұзушылықтарды анықтау және жолын кесуге, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған акция жүзеге асуда.