Мәжілістің кешегі өткен жал­пы отырысын сан мен сапа тұрғысынан «қысқа да болса нұс­қа» жиын деп бір ауыз сөз­бен түйіндеуге болады.
Саяси салмағы батпан сауалдар
812
оқылды

Өйт­кені күн тәртібіндегі 6 мәселе әдеттегіден аз және уақыт бо­йынша да жиын екі сағатқа жетпейтін уақытта зу етіп өте шықты. Әйтсе де, «аз да болса саз болған» депутаттық сауал­дардың саяси салмағы бат­пан­дап басып тұрды. 

Сонымен, күн тәртібіндегі 4 заң жобасы келісімдерді ратифи­кациялауға арналыпты. Қалған екеуі – ғылым және технологиялық саясат жөніндегі және дипломатия­лық қызмет мәселелері туралы құжаттар. Ал он шақты депутаттық сауал су үнемдеуден бастап заңсыз активтерді қайтаруға дейінгі тақы­рыптарды қамтыды. Онда қоғам­дық өмірдегі ірі-ірі фамилиялар аталды. Сол себепті бірден халық қа­лаулыларына сөз берелік.

«Сайланғанына осы қарашада бір жыл болған президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 7 жылдық құзіреті аясында атқарылуға тиіс программалық міндеті ретінде әлеу­меттік әділеттілік орнату – басты бір бағдарламалық бағыты болатынын алғашқы Жолдауында жария еткені мәлім. Ал бұл пре­зиденттік парызды орындау – заң­сыз жылыстатылған активтерді елге қайтарумен тікелей байланыс­ты екенін де Мемлекет басшысы өз аузымен айтты. Міне, осы аса ауқымды міндетті орындау үшін Пре­зидент өз жарлығымен уәкі­летті орган – Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрғанына кеше 5 желтоқсанда екі ай болды. Сол екі айдың ішінде бұл комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ. Комитеттің қызметінен қа­зақстандық қоғам мақұрым. Мем­лекет басшысы белгілеген тапсыр­маларды орындау бағытында коми­тет қандай күштік-структуралық құрылыммен жұмыс істеп жатыр? Бүгінде комитеттің құрамында қан­ша қызметкер бар? Еске са­лайын, Президент алғашында комитеттің штаттық саны 130 адам деп белгілеген еді. Комитеттің ше­тел­дік юридикциялармен, халық­аралық іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімінде қанша қызметкен жұмыс істейді? Осы өткен екі айдың ішінде елге қай­тарылған активтер бар ма? Болса, оның көлемі қандай? Соңғы ашық ақпаратқа қарағанда, сіздер Жә­мішевтің «Қазақстан халқына» қорына бұған дейін түскен 850 млрд теңгені малданып отырған жайла­рыңыз бар сияқты. Сіздер қоғам алдында комитеттің құпия емес алғашқы іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында бір баспасөз мәслихатын беретін уақыт болған жоқ па? Ұрланған активтердің елге қайтарылуын бағып, қазынаға қанша қаржы түсерін бақылап, сіздердің іс-әрекеттеріңізді аңдып отырған қоғам бар екенін ұмыт­паңыздар! Ұрланған активтер елге қайтады деген халықтың әзірге үзілмеген үміті мен сенімін күл-парша қылуға сіздердің қақыла­рыңыз жоқ. Біз де оған жол бер­мейміз! Президенттің пәрменін, қыз­мет-қарымы мен ел алдындағы қоғамдық беделін бағамдайтын бү­гінгі бір өлшем – ұрланған ак­тив­терді елге қайтару екенін сіз­дерге ескертіп қойғым келеді!» – деді депутат Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асылов пен Бас прокуратураның Актив­терді қай­тару жөніндегі комитеті төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковке жолдаған сауалында. 

Осы орайда ол қолындағы ин­сайдерлік ақпаратты депутаттар алдында жария етіп, «ескі Қазақ­станға» қызмет қылмақ ойы бар мүдделі лауазымды азаматтарға ескерту жасады.

«Міне, ұрланған активтерді елге қайтарады деп, біз сенім арт­қан комитет ырғалып-жырғалып жүргенде, «ескі Қазақстанның» өзі бірте-бірте елге қайта бастаған сыңайлы. Құр қайтып қана қоймай, Бас прокуратура мен оның комитеті жым-жырт жатқан кезде, «ескі Қазақстанның» клептократтары ел экономикасын қайтадан басып алу­ға қам жасауда. Берік Ноғайұлы, Тимур Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған акивтер жөніндегі ақпа­ратты сіздің өзіңізге қосымша жол­дап жіберетін боламын. Ондағы ақпараттарды басшылыққа алса­ңыз, «СК Петролиум» серіктесті­гінен келіп түскен «Қазақстан-Қы­тай мұнай құбыры» концорциуы­мы­нан (директоры Талғат Жұма­ділдаев пен оның ұлы Абылай Жұ­маділдаевқа қатысты) ұрланып, шетелге тығылған 300 млн доллар активті іздеп қиналмайтын бола­сыздар! Сөз соңындағы сұрағым: жылыстатылған активтерді қайтару заңын қабылдаған депутаттардың алдында сіздер қашан есеп бермек ойларыңыз бар?» – деді ол. 

Келесі бір депутаттық сауал тағы да Бас прокурор Берік Асы­ловқа және Премьер-Министрдің орынбасары–Қаржы министрі Е. Жамаубаевқа арналды. 

«Бүгінгі депутаттық сауалыма әділетсіздіктің шырмауына шыр­малып, шырғалаңнан шыға алмай қалған азаматтардың көз жасы себеп. Олар – Алматының әйгілі барахолка базарында сауда жасай­тын қандастар. Қақаған қыс пен ми қайнатар жазда, таң атысы кеш батысы контейнерде отырып сауда жасауға мәжбүр жандарды өзін қожайын сезінген екінің бірі келіп тонап жатыр. Бізге жолдаған мына хатында «Кенжехан» базарының саудагерлері бар мәселесін тізіп жазған. Бүгінге дейін құзырлы орындарға қанша арызданса да күштінің дүмі диірмен тартады демекші, қаналған қаржысын қайтара алмай келеді көпшілік. Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» база­ры­ның иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған делінеді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың АҚШ доллары­на сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай тек контейнердің паспортын бер­ген. «Келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уа­йым­дамаңдар» деп қай­тарған. Сау­да­герлердің дерегінше, аталған ба­зарда 1 000-ға жуық контейнер бар, әрі қарай есебін шығара беріңіздер.

Қолда бар арыздағы ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылдың 4 сәуірінде «Кенжехан» базарының 100 пайыз үлесі «Митра «консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткен. Бұл базар 640 миллион тең­геге сатылды делінеді. Жаңадан кел­ген базар қожайындары сау­дагерлерге «контейнерлеріңді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деп талап қойған. Сонда ел 1 орынға 2 рет ақша төлеген. Амалсыз ақша­сын берген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келесім» қағазы тапсырылған. Айт­пақшы, келісімді сол базардағы но­таруисте жасауға міндеттеген, ол үшін әр саудагер тағы 43 мың тең­ге­ден төлеген. Ол ол ма, әр кон­тей­нер­дің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген және бір тәртіп шы­ғыпты. Мұны шағымдан­ған ел ай­тып отыр. Бұл сорақылық емес пе? 

«Төлемесе контейнерлерді мөр­леп, жауып тастайды» деп ашы­нады жұрт», – дейді аманаттық депутат Нартай Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, саудагерлер 3 талап қойып отыр. Олар – бір кон­­тейнерге 2 рет төленген ақша­сын бұрынғы немесе бүгінгі базар иесінің қайтып бергені, ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылы­ғының тексерілуі және шара қол­данылуы, Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаментінің «Кен­жехан» базарына жүргізген тексеру нәтижелерін Қаржы министрлігі­нің ұсынғаны. Депутат: «Жыл ба­сын­да Қазақстанда 722 базар тірке­ліпті. Соның бәрінде заңдылық толық сақталып отыр деп айта ал­май­мыз. Себебі ол жақтағы сауда­герлерден де арыздар келеді. Осы депутаттық сауалды дайындау ба­рысында Барахолкадағы «Рахат» және «Евразия» базарындағы сау­дагерлер де шағымдарын жеткізді. Сондықтан елдегі барлық базар­дағы заңдылықты тексеру керек деп есептеймін», – дейді.

Аманаттықтар жолдаған келесі бер депутаттық сауал экология мәселесіне арналды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевқа, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповқа Шымкент қаласында орналасқан «ПетроКазахстан Ойл продактс» ЖШС тарапынан, яки Шымкент мұнай өңдеу зауытының маңында орналасқан тұрғындарға келтіріліп отырған экологиялық залал туралы ахуал жеткізілді.

«Өздеріңізге белгілі еліміздегі ең ірі үш мұнай өңдеу зауытының бірі – ШМӨЗ өндірісінің жылдық қуаты 6 млн тоннаны құрайды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов­тың Шымкент қаласына іссапары барысында айтылғандай, зауыттың жылдық қуаттылығын 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жос­парланып отыр. Сонымен қатар зауыттың 50% акциясына Қытай­дың Ұлттық мұнай-газ корпора­циясы иелік етеді.

Тұрғындардың айтуы бойын­ша, зауыт тарапынан Экологиялық заңнама талаптары сақталмайды. Түнгі уақыттарда шамамен 02:00-04:00 аралығында дүркін-дүркін улы заттар (залповые выбросы) тасталып отырады. Сол маңда тұра­тын Еңбекші ауданы Қарабастау (8 932 тұрғын), Қаратөбе (8 756 тұрғын),  Бадам (3 562 тұрғын), Жалын (3 474 тұрғын), Жұлдыз  (2 758 тұрғын) ауылдарының 27 482 тұрғыны зауыттан шыққан иіске уланып, жаз уақытында үйлерінің терезесін аша алмай отырғанын бірнеше рет мәселе көтерілген бо­латын. Сонымен қатар тұрғын­дар­дың айтуынша, елді мекендерде қатерлі ісік ауруы жиілеп кеткен.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының өзекті басымдығы ретінде ауаны ластап отырған өнеркәсіптердің теріс істерімен күресетінімізді әр­бір сайлаушыға жеткізген бола­тынбыз. Осы уәдемізді орындау – халықтың аманатын арқалау – біз үшін үлкен жауапкершілік. Әр азамат лайықты өмір сүруге құ­қылы! Сондықтан жоғарыда атал­ған елді мекендер тұрғындарының орынды талап-тілектерін Сіздерге жеткізіп отырмын. Осы ретте, атал­ған өзекті мәселені шешудің мы­надай тетіктерін ұсынғым келеді:

Зауытқа халықаралық стан­дарттар негізінде соңғы үлгідегі сүз­гілер мен қондырғылар орнату, ке­шенді табиғатты қорғау іс-шара­лары бағдарламасын енгізу, осы арқылы зауыттың аталған елді ме­кендердің, тіпті Шымкент қаласы­ның эко­логиясына кері әсерін ба­рынша төмендету, оның ішінде ШРК (шекті рауалы концентрация) деңгшейін асырмау және К-5 экологиялық стандарты бойынша мұнай өнімде­рін өндіруді қамта­масыз ету. 

Аталған елді мекендердің көр­некі орындарына ауа құрамының тазалығын көрсетіп тұратын өлшеу құралдарын орнату, сол арқылы тұрғындардың таза ауамен демалып отырғанына көз жеткізуін қамта­масыз ету.

Аталған кәсіпорынға, жергілік­ті экобелсенділерді тартып, тұр­ғын­дармен бірлесіп қоғамдық ба­қылауды ұйымдастырып, қоғамдық бақылау туралы заңға сәйкес және экологиялық заңнама талаптарын сақтау тұрғысынан тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу, нәтижесін тұрғындарға хабарлау. 

Зауыт тарапынан Экологиялық заңнама талаптарын бұзу фактілері расталған жағдайда аталған елді мекендері тұрғындарына экология­лық өтемақы төлеу мәселесін қа­рас­тыру», – дейді  «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшелері аты­нан сауал жолдаған Данабек Исабеков.

Тоқетеріне келгенде, ел эко­но­микасынан әлі етек-жеңін жинай алмай отырған олигополияның әрбір әрекетіне қоғамның құлағы түрік отыр. Ендеше «Ескі Қазақ­стан» қарымта қайтара ма, болмаса мәмілеге келе ме – оны уақыт көрсетеді.

 Нұрлан ҚОСАЙ