Өмірде күнделікті әдеттерді қалыптастырудың кілті – тұрақтылық пен бірізділікте. Белгілі бір істі аз-аздан тұрақты түрде істеуге әдеттенсек, күнделікті өмірге ақырындап оң өзгерістер енетін болады. Ал осы өзгерістерді қалыптастыру үшін «Жастар рухы» Жастар қанаты «Менің пайдалы әдеттерім» атты онлайн-марафонын ұйымдастырды. Әлеуметтік желідегі кезекті жазбада оралдық ерікті Гүлсая Нағмет волонтерлік қызмет туралы пікір бөлісті.
«Күйбең тіршіліктің арасында өзіме ұнайтын волонтерлікпен айналысамын. Волонтерліктің мен үшін өзіндік ерекшелігі бар. Оған жай уақыт өткізетін іс емес, басқаларға көмектесу арқылы алғыс пен үлкендердің батасын алып, қоғамға өз пайдамды тигізе алатын іс ретінде, жаңа бастамаларға апаратын керемет жол ретінде қараймын. Волонтерлік – бұл жүрек қалауы. Игі іспен айналысу, жақсылық жасау, төрт аяқты достарымызға көмек қолын созу, төтенше жағдайларда алдыңғы шептен табылу, қоршаған ортаны қорғау, тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау. Осы тізбектелгеннің барлығын істеу арқылы өзімді бақытты сезінемін. Қоғамдағы жастарды өзіне ұнайтын істі әдетке айналдырумен қатар, қайырымдылықпен айналысып, біздің қатарға қосылып, волонтер болуға шақырамын», – дейді жас волонтер.
Ал қызылордалық Шапағат Досқали кітап оқу арқылы білмегеніңді оқып үйреніп, күн сайын өзіңді дамытуға қадам жасайтынын айтады.
«Менің кітап оқуға деген құмарлығым мектеп кезінен басталған. Ең басында шағын шығармаларды оқи бастадым, кейіннен қазақ қаламгерлерінің үздік туындыларын оқуға көштім. Бір айдан астам уақыт бойы бір ғана кітапты аяқтап үлгеретінмін. Бұл, әрине, өте көп уақыт. Сондықтан мен өзіме талап қойып, бір кітапты 1 аптаның ішінде оқып тауысуға тырыстым. Шындығында, бұл үлкен шыдамдылықты қажет етеді. Артық істерге алаңдамай, әлеуметтік желілерде аз уақыт өткізетін болдым. Ал "мұның бәрі не үшін қажет?" деген сұрақ туындайды. Соншалықты көп уақытты кітапқа бөлудің не қажеті бар? Мұның ең басты себебі, меніңше, кітап оқу адамның ой-өрісін дамытып, тың идеяларға жол ашады. Білмегеніңді кітаптан оқып үйреніп, күн сайын өзіңді дамытуға қадам жасайсың. Кітапты көп оқыған адаммен тілдесу, сұхбаттасу қызығырақ, өйткені оның бөлісер ойы, берер қызықты ақпараты көп болады.
Жақсы кітап – керемет ұстаз! Кітапты беріле оқыған сайын қаламгермен тілдескендей сезімге бөленесің. Сөйлеу мәнерің де жақсара түседі. Теңеу, метафора, тұрақты сөз тіркестерін қолдана сөйлейтін дағды қалыптасып, сана-сезімің мен парасаттылығыңды дамытуға әбден болады. Қазіргі кезде кітап оқудан гөрі өз уақытын әлеуметтік желілерде көп өткізетін жастарды байқап жүрміз. Құрметті достар, өз білімдеріңізді толықтырып, кітап оқи жүріңіздер. Өйткені кітап оқығанның пайдасы шаш етектен!», – деді кітапқұмар Шапағат Досқали.
Осылайша, жастар марафон барысында жақсы, пайдалы әдеттерімен өз жазбаларында жарыса бөлісуде. Атаулы марафон жастарды пайдалы, жақсы әдеттерді қалыптастыруға көмегін тигізуге бағытталған. Ал сіздің пайдалы әдетіңіз қандай?