Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі Жол картасы әзірленді.
Қызылорда облысындағы суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі Жол картасы әзірленді
977
оқылды

Аграрлық аймақ саналатын Қызылорда облысы үшін суармалы су мәселесі қашан да өзекті. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару әдістері кеңінен қолданылуда. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жан-жақты айтып берді,  –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі Жол картасы әзірленді. Оның аясында облыста тасқын суларды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру мен жаңғырту шаралары жүргізіліп жатыр.

«Заманауи суды бөлу мен есепке алу жүйелерін енгізу үшін халықаралық компанияларды тартудамыз. Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 6,8 млрд текше метрге азайды. Өткен жылдан бастап 4,6 млрд теңгеге «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда», – деді өңір басшысы.

Бұл жоба 2024 жылы аяқталады. Оның аясында зақымдалған бөгетті қалпына келтіріп, теңізде су айналымын қалыптастыру арқылы тіршілік нәрінің тұздылығын төмендету жоспарда бар.