Шымкентке инвестиция тартып, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамту – негізгі міндеттің бірі. Осы ретте соңғы 4 жылда қала экономикасына 1,5 трлн теңге инвестиция тартылып, көлемі 3 есе артқан. Енді меже Шымкент қаласына алдағы 5 жылда инвестиция көлемін 6 трлн теңгеге жеткізу көзделген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Бұл бағытта нақты жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде 1,7 трлн теңгені құрайтын 229 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде басым бағыттары өңдеу өнеркәсібі саласында – 405,8 млрд теңге, тұрғын үйге – 594,4 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 128 млрд теңге, ауыл шаруашылығына 363,9 млрд теңге жоспарланып отыр», – деді қала әкімі Ғ.Сыздықбеков.
Аталған жобалардың нәтижесінде 34 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қала басшылығының алға қойған басты мақсаты – инвесторларға қолайлы жағдай жасап, қала экономикасын әртараптандыру. Бүгінде бұл бағытта импорт алмастырушы және экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыратын инвесторлармен тығыз жұмыс жүріп жатыр.
Биылғы 10 айда аймаққа тартылған қаражат көлемі 22%-ға өсті. Алдағы 5 жылда аймақтың инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру көзделген.