Бакуден 67 шақырым жерде магнитудасы 5,0 болатын жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері Ақтауда да сезілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz orda.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтаулықтардың айтуынша, қаланың кейбір аудандарында жер сілкінісіне ұқсас діріл мен дүмпулер сезілген.
Адамдар үйлерінде «ыдыс-аяқ сықырлағаны» туралы айтып жатты.
«Мен өзім дірілді сезіндім және ыдыс-аяқтарым сәл сықырлады. Интернетке кірсем, басқалар да не сезгендері туралы жазыпты. Бұл жер сілкінісі сияқты. Басында мен бұл жай ғана елес деп ойладым. Диванға отыра бере екі жаққа теңселіп кеттім», – дейді қала тұрғыны.
Бүгін таңғы сағат 9.15-те Бакуден шамамен 67 шақырым жерде магнитудасы 5,0 болатын жер сілкінісі тіркелгені белгілі болды. Жер сілкінісінің ошағы Каспий теңізінде орналасқан.