«АрселорМиттал Теміртау» АҚ мемлекет меншігіне қайтару келіссөздері аяқталды. АМТ екі кәсіпорнының құны 286 млн долларға бағаланған. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жаңа инвестордың кім екенін брифингте айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жаңа инвестор – қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев. Ол 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Allur Group» компаниялар тобының Директорлар кеңесінің төрағасы, оның құрамында «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС бар. Компаниялар тобы Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстан аумағындағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы.
– «Өздеріңіз білесіздер, 2023 жылғы тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында жалғасып жатқан апаттар компанияның өз инвестициялық және өзге де міндеттемелерін елеулі ереже бұзушылықтарға әкеп соқтырғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, Президентіміз «АрселорМитталдың» қазақстандық нарықта бұдан ары жұмысын жалғастыруы мүмкін емес екендігіне назар аударған болатын. Бұл кезде Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» иелерімен ArcelorMittal компаниясының металлургиялық комбинат құрамынан шығуы туралы келіссөздер жүргізіп жатқан еді. Олар 2022 жылғы 3 қарашада АМТ-ның еншілес кәсіпорны Ленин атындағы шахтада болған қайғылы апаттан кейін басталды», – деді министр.