Степногорда жылу жүйесінен ірі көлемде апат болып мыңдаған халық тағы да жылусыз қалды. Жылу жүйесінде миллиардтаған қаржы жұмсалғанымен апатты жағдай жиі болып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта қалада жылу жүйесін қалпына келтіру және жылу желілеріне су жіберу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімінің тікелей төрағалығымен қалада жылуды қалпына келтіру мақсатында жедел штаб құрылған. Облыс әкімдігі қала тұрғындарын сабырға шақырып, жақында жылудың қалпына келтірілетінін мәлім етті.
– Степногор қаласындағы жылу жүйесінде болған апат жойылды. Бүгін таңғы сағат 08:10-да дәнекерлеу жұмыстары аяқталды. «Степногор теплотранзит» мамандары қаланың тұрғын үйлерінде жылу желілерін қалпына келтіру жұмыстары өткізілді. Жағдай тұрақты және жергілікті атқарушы органдардың бақылауында, – деді оқиға орнында тәулік бойы болған облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Жалпы өңірде жылу жүйелерінің 90 пайызының тозығы жеткен. Кеңес заманынан бері еш жөндеу көрмеген. Кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген жылу трассаларының басым бөлігінің тозығы жетіп ауыстыруды қажет етеді. Оның зардабын қыс түссе пәтері жылынбайтынын тұрғындар көтеріп келеді. Бірақ еш нәтиже болмаған. Сонау 1966 жылы пайдалануға берілген ЖЭО жылу желісі Степногор қаласы мен Заводской кентін қамтамасыз ететін. Қалаға қарай созылған 21 шақырымдық жылу құбырының 80 пайызынан астамы тозған.
Былтыр көктемде ЖЭС-те екі бірдей апат болып екі бірдей жылу қазандықтары жарылған. Былтыр жазда 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп ЖЭО-ның үш қазандығы, су қыздыру қазандығы күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар 2021 жылы да 2 миллиард қаржы бөлініп жылу стансасының қосымша және негізгі жабдықтары жөнделген еді. Сонымен қатар жылу жүйесінде биыл жазда да жергілікті әкімдіктің қолдауымен жөндеу жұмыстары өткізілген. Алайда, жылу стансасында апат жиі болып тұр.
– Жылу желісіндегі апаттан 62 тұрғын үй жылудан ажыратылған. Қазіргі уақытта жылу жүйесіндегі жарылған жер дәнекерленіп, ағытылған жылу жүйесіне су беріліп, жылу беру жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыстың қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Қазір барлық тиісті құзырлы органдар мен жергілікті әкімдіктер осы жұмыстардың басы-қасында жүр, – деді Степногор жылу электр стансасы кәсіпорнының қоғаммен байланыс маманы Ғалия Хозина.
Есіңізге сала кетсек, 7 желтоқсан күні Степногор қаласында жылу электр стансасында аса ірі апат болып ондаған көпқабатты үйлер мүлде жылусыз қалған еді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ