Үш жылдан бері жасанды бүйрек аппаратына тәуелді күйде күн кешкен жергілікті азаматқа өз туысы донор болуға шешім қабылдаған. Ота бес сағатқа созылды. Нәтижесінде мұқтаж жанға жаңа өмір сыйлаған туысының да, 25 жастағы жігіттің де жағдайы бір қалыпты, деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Соңғы 11 жыл ішінде адам ағзасын трансплантациялау тәсілі жақсы көрсеткішке ие. Осы кезге дейін елімізде 3 мыңға жуық науқасқа ота жасалды. Соның ішінде бүйректен өзге, бауыр, жүрек, өкпе және ұйқыбезін трансплантациялау сәтті жүргізілді. Осы орайда мұндай оталардың 90 пайызы тірі донордың көмегімен жүзеге асырылып келгенін айта кеткен абзал. Соның тағы бір дәлелі ретінде бүгін 25 жастағы қызылордалық жігітке туысының донор болуы арқасында бүйрек трансплантациясын жасадық. Отаға көпбейінді облыстық аупузанасының дәрігерлері қатысып, тәжірибе алмасты. Мұндай отаны алдағы жылы да жасау жоспарда бар», - дейді отадан кейін болған брифингте Ұлттық ғылыми хирургия орталығының Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Болатбек Баймаханов.
Бүгінде Қызылорда облысында 85 трансплантацияланған науқас бар. Оның ішінде 82 адам туыстық донордың көмегімен екінші өмірін сүріп жатыр. Осы орайла айта кететін тағы бір жәйт, биылдың өзінде туыстық донор арқылы 11 науқасқа ота жасалыпты.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы