Жыл санап күрделене түскен экологиялық дағдарыс салдарынан Арал халқының денсаулығы күрт нашарлап, аурушаңдық белең ала түсті. Құрғаған теңіз түбінен тонналаған тұзды шаңдар ауаға тарап, оның қоршаған ортаға зарбады ушығып кетті.
Әр жылдары Арал мәселесіне арналған халықаралық конференциялар болып, өзекті мәселенің шешілуіне негіз қалады. Соның нәтижесінде, Аралды құтқару қоры құрылып, жүйелі жұмысын бастады. Қордың жұмысын үш жыл сайын Орталық Азия елдері үйлестіретін болып келісілді.
Дерекке сәйкес, Кеңес кезеңінде егістік алқаптарда суды тиімсіз пайдалану салдарынан өңірде гидрологиялық жүйенің теңсіздігінен соңы Арал теңізі табанының құрғауына соқтырған. Содан бері 60 жылдан астам уақыт бойына Арал тағдыры ауқымды мәселеге айналып отыр.
Жуырда Орталық Азия мемлекеттері теңізді бірлесе толтыруға уағдаласқаны жайында ақпарат желдей есті. Атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдері Сырдария мен Әмудария өзендерінен су алу бойынша келісімге келген.
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында аталмыш мәселе кеңінен талқыға түскен көрінеді. Соның негізінде, алдағы 2024 жылдың 1-сәуіріне дейін Шардара су қоймасына 11 мың текше шақырым су келеді деп күтілуде. Ал «Достық» мемлекетаралық каналынан 487 млн текше метр су алынбақшы. Бұл өз кезегінде Түркістан және Қызылорда облыстарына қажетті су көлемі жинақталады деп жоспарланған. Осы арқылы Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік артады деген үміт басым.
Осы мәселеге орай табиғат жанашыры, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы өз пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, қос өңірге қажетті су көлемін арттырып, теңізді сақтап қалу бағытында атқарылар жұмыстардың ауқымы кең, кемшін тұстары да жоқ емес.
«Бүгінде Арал теңізін құтқару жолдары әлемдік деңгейде өзекті мәселеге айналды. Жуырда Орталық Азия елдері бірлесіп, теңізді құтқару жолдарын қарастырып жатқаны мәлім болды. Оның үстіне бірнеше жыл бұрын қуаңшылықтың зардабын тартқан Сыр жұртшылығының жайы көпке мәлім. Кешегі Кеңес заманында Кіші Аралды 1,5 есеге толтыратын 48 текше метр су көлемі қысқарды. Соған орай теңіздегі балық қоры да азайды. Сондықтан нақты уақытта Сырдария өзенінен өтетін судың белгілі мөлшерін Кіші Аралға бағыттау қажет деп есептеймін. Осы орайда келер жылдың 1 сәуіріне дейін, яғни вегетация кезеңі қарсаңында Сырдария ағынынан Қазақстан тарабына 11 мың текше шақырым су көлемін жіберу көзделіп отыр. Бұл Арал теңізінің келешегіне бағытталған нақты қадам деп түсінуіміз керек. Тек жоспарлы жұмыс жүйелі жүргізілуі тиіс», – дейді эколог-жазушы.
Теңіз тағдырына алаңдаулы күй кешіп отырған өңір халқы Кіші Аралға бір тамшы су тамса қуанатындай күйге жеткен. Аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға қатысты қаншама табанды шара қолға алынғанымен тұзды, шаңды ауамен тыныстап отырған тұрғындардың халі мәз емес. Байырғы атакәсібі – балық шаруашылығы да тұралап тұр. Бұл жергілікті жұртшылықтың әлеуметтік жағдайына да айтарлықтай салқынын тигізіп отыр.
Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесе атқаруға шешім қабылданған оңды бастамаға халықтың үміті асқақ. Дейтұрғанмен, бұл жоба қаншалықты тиімді болады деген көмескі ойлардың көңілде көрініс тауып тұрғаны жасырын емес.
Осы мәселе төңірегінде Халықаралық аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің Қазақстандағы филиалына хабарласып, мән-жайын анықтауға тырыстық. Қордың Атқарушы дирекциясы директорының орынбасары аталмыш жобаның өміршеңдігіне тоқталып, мән-маңызын баяндады.
«Өздеріңізге белгілі, Өзбекстанның Ташкент қаласында мемлекетарлық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 85-ші отырысында бұл мәселе кеңінен талқыланды. Соның негізінде Су ресурстары және Ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Орталық Азия елдерінен су алып, Арал теңізіне құюға бағытталған бірегей жобаны жүзеге асыруға қол жеткізгені көпке мәлім болды. Қаншама жылдан бері біздің қордың да басты мақсаты – Арал теңізін құтқару болып табылады. Қазіргі міндетіміз – «Саратс-2» жобасының екінші фазасын жүзеге асыру. Осы арқылы Арал теңізінің Қазақстан аумағындағы мәселесін біржола шешуге үміт бар. Шыны керек, бүгінгідей су тапшылығы белең алған кезеңде Арал теңізін бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес деп ойлаймын. Дегенмен мүлде жойылып кетпеуіне әрекет жасау қажет. Бұл тұрғыда Орталық Азия елдерімен болған уағдаластық нәтижелі болады деп үміттенеміз. Қазір Кіші Арал теңізін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Бұған дейін Кіші Арал теңізін сақтап қалуға бағытталған ауқымды жоба қолға алынған кезден бастап, теңізді өлкенің тіршілігі қайта түлеп, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық ахуалы аз да болса жандана бастағанына куә болдық. Сондықтан да бұл жұмыстарды тоқтатпай, жандандыра түсуіміз қажет», – деп мәлімдеді қордың атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетова.
Оның айтуынша, «Саратс-2» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар ауқымды. Атап айтқанда, соңғы төрт жылда Халықаралық аралды құтқару қорының бастамасымен және Үкіметтің қолдауымен Дүниежүзілік банктің қаржыландыруы арқасында аталмыш жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалған. Оны Иран Республикасының YEKOM CONCULTING ENGINEERS компаниясы толық зерттеп, зерделеп, бүгінде сараптамадан өткізіліп жатыр екен. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, нәтижелі болатынына сенім білдіріп отыр.
Кіші Арал теңізін сақтап қалу бастамасымен қатар, балық шаруашылығын жандандыру мәселесі де өзектілігін жойған емес. Қазір теңіздегі балық қоры күн санап азайып барады. Соған орай теңіз маржанын молайтуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын да алға тартып отыр.
Қалай дегенде де Орталық Азия елдері Арал тағдырына алаң. Өңір халқы теңізімен қайта қауышатын күнді тағатсыздана күтіп жүр. Тек комиссия отырысында көтерілген ұтқыр ұсыныс нәтиже берсе игі.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы