«Жатақханамыздың алдынан күні-түні жедел жәрдемнің келгенін көреміз. Жөтелген адамдарды жиі байқауға болады. Бетперде тағып барынша өзімізге сақтықпен қарап жүрміз», – дейді алматылық студенттер. Иә, ауру фактілерінің артуы – республика ауқымында көпті алаңдатқан мәселеге айналып отыр. Қызылшаға шалдыққан науқастар саны жиілеп, салдарынан ауруханалардың басым бөлігі науқастарға толған. Әсіресе, Алматы өңірі бойынша қызылшаның таралу қарқыны өршіп, жағдай күрделене түскен.
Науқастардың дені – екпе алмағандар
Мегаполистегі эпидемиялық ахуалдың қазіргі жай-күйін білу үшін Алматы қаласының Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдерімен байланысқа шықтық. Ведомство өкілдерінің дерегінше, бүгінде шаһарда қызылшамен ауыру фактілері бойынша тұрақсыздық байқалады. Биылғы наурыз айынан бастап, қалада қызылшаның 2 653 зертханалық расталған жағдайы тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың арасында 2084 жағдай анықталған. Демек, қызылшаға шалдыққан науқастардың негізгі үлес салмағын (78,5%) – 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Ал 1 жасқа дейінгі балалар арасында – 275, 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында – 111 (4,2%) және ересектер арасында – 458 жағдай (21,9%) тіркелген. Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы балалар арасындағы аурушаңдықтың негізгі себебі – кезінде вакцинациядан бас тарту екендігін айтады. Сонымен қоса вакцинациядан медициналық босату және егу жасына жетпеу салдары аурудың тиісінше ұлғаюына алып келетін көрінеді.
– Қызылша жұқтырудан, сондай-ақ олардың асқынуынан алдын алатын жалғыз тиімді құрал – вакцинация. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация 2 рет жүргізіледі. Біріншісі – 1 жаста (12-15 ай), екіншісі – 6 жаста. Бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін күшейтеді. Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қала емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі, – дейді ол.
Осыған сәйкес департамент өкілдері ауруға шалдыққан 2084 баланың басым бөлігі вакцинация қабылдамағанын нақтылап өтті. Атап айтқанда, 2084 баланың 1969-ы вакцина алмаған. Бұл науқастар санының жалпы 94,4 пайызын құрайды. Оның ішінде бас тарту себебінен – 1412 (72,05%), медициналық қарсы көрсетілімдер – 275 (13,9%) және егу жасына, яғни 1 жасқа жетпеген – 275 (13,9%) бала бар.
ЖОО студенттері қашықтан оқуға көшірілді
Бүгінде мегаполисте орналасқан жоғары оқу орындарының студенттері аурудың өршуіне байланысты қашықтан оқуға жіберілді. Жоғарыда атап өткеніміздей, қызылша симптомдары студенттер арасында да жиі байқалған. Бұл жағдайдан кейін университет басшылығы бақылауды қолға алып, студенттерді қашықтан оқыту мәселесін қарастырған. Еліміздегі ірі оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осыдан бірер күн бұрын білім алушыларды онлайн форматқа көшіру туралы қаулы шыққан еді.
Университет қабырғасынан алыстап, қашықтан білім алып жүрген студенттердің бірі – Нұрбибі Алчинова. Ол аталған білім ордасының 1-курс студенті. Кейіпкеріміздің айтуынша, осыған дейін айналасында тұмау, қызылшамен ауырған студенттер көптеп кездескен екен. Күні бойы экранға телмірген студенттердің сапалы білім алуы үшін қашықтан оқу тиімсіз екенін, әсіресе, емтихан уақытында ауылды аймақтарда тұратын студенттерде мәселе туындайтынын жасырмады.
– Біздің онлайн форматқа көшірілуіміздің басты себебі қызылша ауруының таралуынан екенін ұстаздарымыз ескертті. Тобымызда бір студент қызылшамен ауырды. Алғашқылардың бірі болып ауырған сияқты. Себебі үй жағдайында емделіп, аурудан құлан-таза айыққан соң қатарымызға қосылған болатын. Онлайн форматқа көшкенге дейін жөтел қысып ауырғандарды жиі байқайтынмын. Меніңше, аурудың өршуіне климаттың тұрақсыздығы да әсер етуде. Қазір қыс мезгілі болса да, ауа райы мың құбылып тұрады. Қашықтан оқу жақсы өтіп жатыр. Бірақ сапалы білім алу жолында бұл тиімсіз нұсқа дер едім. Онлайн оқудың бір тиімдісі – университетке алыстан қатынайтын студенттер жолға жұмсайтын уақытын пайдалы дүниеге арнай алады. Ал тиімсіз тұсы – қазір ауылдық жерде тұратындарда байланыспен мәселе болып жатыр. Қазір ұстаздар тарапынан кешірімді болып қаралғанымен, сессия кезінде кесірін тигізетін сияқты, – дейді алматылық студент Н.Алчинова.
Әрмен қарай жатақханада жатқан студенттердің қазіргі ахуалын білу үшін №5 жатақхана меңгерушісі Гүлшат Игенбаеваға хабарластық. Жатақхана меңгерушісі қызылшаға шалдыққан студенттердің жағдайы қалыпты болғаннан кейін үйіне қайтарылғанын алға тартты.
– Эпидемияға байланысты 1-2 курс стдуенттері үйіне қайтарылды. Менің ойымша, қызылшамен ауырған балалар дәрігердің бақылауында емханада емделгені дұрыс. Науқас балаларға медициналық орталықтан келген мамандар алғашқы көмек көрсетті. Жатақхана изоляторында жатқан екі студенттің жағдайы жақсы болған соң, олар үйіне қайтарылды. Қазір изоляторда жатқан науқас студент жоқ, – дейді Г.Игенбаева.
Ауру соңы адам өліміне алып баруы мүмкін
Алматы қаласының эпидемиологтары қызылшаның жұқпалы және инфекциядан кейінгі ықтимал асқынуларымен қауіпті екенін ескертеді. Олардың сөзінше, ауру кезеңінде асқыну одан сайын жоғарылай түседі. Мәселен, ортаңғы құлақтың, өкпенің, трахеяның, бронхтың, сондай-ақ мидың қабынуы байқалады. Асқыну көп жағдайда бес жасқа дейінгі балаларда немесе 30 жастан асқан ересектерде дамиды. Ал асқынудың ең ауыр түріне соқырлық, энцефалит (мидың ісінуіне әкелетін инфекция), ауыр диарея, дегидратация, құлақ инфекциясы (отит) және пневмония секілді тыныс жолдарының инфекциялары кіреді. Осы тұста инфекционист Қалдыгүл Жанбосынова елімізде таралып жатқан қызылша ауруы – ауыр ағыммен өтуімен ерекшеленетінін, тіпті соңы адам өліміне алып баруы мүмкін екенін айтып дабыл қағады.
– Қызылша ауруының қоздырғышы– парамиксовирус тобына жататын РНК-лы вирус. Ол өзінің құрылысын өзгерткен жоқ. Сондықтан қазіргі жүріп жатқан ауру – қызылшаның ешқандай да өзгеше түрі емес. Бұл бұрыннан қауіпті, жоғары контагиозды (аса жұқпалы) жедел вирустық инфекциялық ауру. Несімен қауіпті десеңіз, ауру әртүрлі асқынуға алып келеді: ларингит, пневмония, отит, стоматит, қызылшалық энцефалит. Бұл – неврологиялық асқыну. Дәл осы асқыну қызылшамен ауырғаннан кейін шамамен орташа алғанда 5 жылдан кейін пайда болады. Олар – ұмытшақтық, ақыл-ой кемістігі, құрысулар, гиперкинез, зейіннің төмендеуі, тітіргенгіштік, ұйқысыздық сияқты симптомдардан байқалады, – дейді маман.
Бөртпе шықса, дабыл қағу керек
Қызылша ауруының алғашқы симптомдары – ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) кезіндегі белгілерге ұқсас келеді. Олар – дене температурасының жоғарылауы, мұрыннан су ағу, әлсіздік, конъюнктивит, құрғақ жөтел, көзден жас ағу және жарықтан қорқу. Ал басты ерекшелігі – қызылшаға тән бөртпенің пайда болуы. Бөртпе аурудың алғашқы симптомдары басталғаннан кейін шамамен 4-5 күні шыға бастайды. Инфекционист жоғарыда аталған симптомдар байқалған жағдайда, ата-аналарға үй жағдайында өз бетінше ем қабылдауға тырыспағаны жөн екенін ерекше атап өтті. Міндетті түрде дәрігерге қаралуы тиіс. Себебі аурудың ағымы мен ауырлық деңгейіне қарай емі де соған сәйкес қабылданады. Егер жеңіл түрі болса, амбулаторлы ем (үй жағдайында емделу), орташа немесе ауыр түрі болған жағдайда стационарлы ем (жұқпалы ауруханада) тағайындалады.
– Қызылша кезінде бөртпе кезеңдер бойынша шығады. Бірінші күні бетке, мойынға, құлақ маңына, екінші күні кеудеге, үшінші күні қол мен аяққа шыға бастайды. Бөртпенің ерекшелігі – дақты-папулезды, қызыл түсті, бір-бірімен қосылуға бейім болады. Сондай-ақ пигментация қалдырады. Қызылшаның жаппай таралуының бірден бір себебі – осы ауруға қарсы иммунитеттің жоқтығы. Қызылша ауруы – вакцинамен басқарылатын ауру. Статистикалық мәліметтер бойынша, ауырып жатқан науқастардың 85-90 пайызы – қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Маман ретінде барлық ата-анаға балаларына уақытылы вакцина салдыруға кеңес беремін, – дейді инфекционист дәрігер Қ.Жанбосынова.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы