Сотталушы З.И.-дан жәбірленушінің пайдасына сараптама жүргізумен байланысты 293 мың 250 теңгенің сот-процестік шығыны өндірілді.
WhatsApp-та ауыр сөздер айтқан атыраулық азамат айыппұл төледі
1,891
оқылды

Атырау облысының тұрғыны WhatsApp мессенджерінде өзгенің арына тиетін дыбыстық хабарлама жазғаны үшін 70 мың теңгедей айыппұл төлейтін болды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жылыой аудандық сотында жәбірленуші А.Т.-ның абыройы мен қадір-қасиетін кемсіткен адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Айыпталушы З.И.-ға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы 1-бөлігімен ("Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту") айып тағылған. 

Жәбірленуші А.Т. арызында З.И.-дың WhatsApp желісі арқылы абыройы мен қадір-қасиетіне тиетін дыбыстық жазба жолдағанын көрсетіп, оны қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады. Сот іске қатысушыларды тыңдап, дәлелдемелерді зерттеді. Сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы З.И.-дің іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің  131-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылықтың құрамы бар деп тапты.

"Алайда, шағымданушының З.И.-ды аталған 131-баптың 1-бөлігімен жауаптылыққа тарту туралы арызына байланысты іс жеке айыптаудың шеңберінде қаралды.

Сот үкімімен құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі 69 мың теңге айыппұл салынды. Сотталушы З.И.-дан жәбірленушінің пайдасына сараптама жүргізумен байланысты 293 мың 250 теңгенің сот-процестік шығыны өндірілді", делінген аудандық соттың жазбасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.