Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы секторына мемлекеттен 14,5 млрд теңге қаражат қарастырылды.
Ақтөбе өңірінің шаруаларына қомақты қаржылай қолдау көрсетілді
792
оқылды

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы секторына мемлекеттен 14,5 млрд теңге қаражат қарастырылды. Бұл ақша есебінен мал және өсімдік шаруашылықтарына айтарлықтай қолдау көрсетілді. Өңір басшысы Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте саланың дамуы жайында баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Биыл күн райының қолайсыздығынан ауыл шаруашылығы саласында бірқатар қиындық туындағаны белгілі. Сол себепті шаруалардың мал азығы шығындарын өтеуге жергілікті бюджеттен қосымша 2,9 млрд теңге қарастырылды. Көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 2023 жылдың 10 айында 397 млрд теңгеге өнім өндірілді. 

«Мал шаруашылығы саласында төрт түлік малдың орташа есеппен 108% өсімі сақталды. Өсімдік шаруашылығына қатысты айтсақ, 747 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 429 мың тонна дәнді-дақыл жиналып, орташа өнімділік гектарына 10,2 центнерді құрады. Алайда, ауа райының қолайсыздығына байланысты 19 мың гектар егін жиналмай қалды», – деп мәлімдеді аймақ басшысы. 

Машина-трактор паркін жаңарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, ҚазАгроҚаржы арқылы 9,3 млрд теңгеге 910 бауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, машина-трактор паркі жаңартылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай отырған 350 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, айналымға түсті. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2026 жылға дейінгі бірлескен инвестициялық Жол картасына сәйкес, 502 млрд теңгеге 93 жоба жүзеге асырылады.

«Оның ішінде, алдағы екі жылда қайта өңдеу көлемін арттыруға бағытталған облысқа аса маңызды сүт тауарлар фермалары, құс фабрика және көкөністердің сақталу мерзімі мен көлемдерін ұлғайтуға бағытталған сақтау қоймалар бар», – деді А.Шахаров.

Айта кетерлігі, жергілікті фермерлер «Ауыл аманаты» бағдарламасын да тиімді пайдаланып отыр. Бұл жоба шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсетуге бағытталған. Осы бағдарлама аясында 2023-2024 жылдарға республикалық бюджеттен 19 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінде құны 7,3 млрд теңгеге тең 1620 жоба мақұлданды.