Қостанай облысының фермерлері өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жобаларды іске қосуда.
Қаржылай қолдау қостанайлық фермерлердің мүмкіндігін кеңейтті
480
оқылды

Қостанай облысының фермерлері өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жобаларды іске қосуда. Мәселен, биыл Набережное ауылында сыйымдылығы 6000 тонна болатын көкөніс қоймасы іске қосылды. Аграрлық несие корпорациясынан алған қаржы есебінен қоймаға заманауи салқындату және желдету қондырғылары орнатылды. Бұл жаңа технология қоймадағы картопты мүмкіндігінше ұзақ сақтауға мүмкіндік береді.

– «Бізде жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Картоп қойманың 8 секциясында сақталады, әр секцияға шамамен 750 тонна картоп сыяды. Осындай көкөніс қоймаларының арқасында біз картопты қыста, әсіресе нарықта сұранысқа ие болған кезде қолайлы бағамен сата аламыз», – дейді «Green TERRA» ЖШС директорының орынбасары Олег Скаскевич.

Кәсіпорын 14 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал жаздағы маусымдық жұмыстарға 100-ге жуық адам тартылады. Келесі жылы компания Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен осындай көлемдегі тағы бір қойма мен тауарлы сүт фермасын салуды жоспарлап отыр.

фермер

Ал Перелески ауылындағы «Сарыағаш» аралас шаруашылық Аграрлық несие корпорациясымен төрт жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде 4 ірі жоба жүзеге асырылған. Несие қаражатын құрылысқа, техника мен жабдықтарға және асыл тұқымды сүтті сиырлар сатып алуға жұмсаған.

Өткен жылы кәсіпорын сиырларынан күніне 7500 тонна сүт алып отырған.  Өнімдерін Қостанай, Ақтөбе және Петропавл қалаларындағы сүт өңдеу зауыттарына жібереді.

«Біз Аграрлық несие корпорациясынан алған қаржыны қосымша жұмыс орындарын ашуға және өндірісімізді кеңейтуге пайдаландық. Бүгінгі таңда жергілікті 412 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз», – дейді «Сарыағаш» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Павел Осипенко.

2023 жылдың 11 айында Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері Аграрлық несие корпорациясынан 52 миллиард теңгеден астам қаржы алып, игерген. Бұл туралы Корпорацияның Қостанай облысындағы филиалының директоры Олег Рабченюк айтты.