Президент Премьер-Ми­­нистрдің орынбасары Серік Жұманғаринді қа­былдады.
Әлеуетті жобалардың тізімі жаңарады
1,180
оқылды

Мемлекет басшысына  вице-премьер өзі жетекшілік ететін сауда, интеграция, ауыл шаруа­шы­лығы салаларындағы қазіргі ат­қарылып жатқан жұмыстар ту­ралы баяндады. Күн тәрті­біндегі өзекті мәселелердің бірі – Жоғары Еуразиялық эконо­ми­калық кеңестің алдағы оты­ры­сына дайындық барысы.

2024 жылы бес елдің инте­гра­­циялық бірігуіне 10 жыл тола­ды. ЕАЭО құрылған уақыт ішінде Қазақстанның се­рік­тестермен арадағы өзара сау­да айналымы 74 пайызға өсті (2015 жылы – 16,3 миллиард доллар, 2022 жылы – 28,3 миллиард доллар). Бұл ретте экспорт 90 пайызға артты (2015 жылы – 5,1 миллиард доллар, 2022 жылы – 9,7 миллиард доллар).

Сонымен қатар Мемлекет басшысына агроөнеркәсіп ке­шеніндегі қайта өңдеу көлемін 30 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайту туралы тапсырмасының орындалу барысы туралы баян­далды.

Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп ке­шені саласында 2024-2026 жылдары жүзеге асырылатын 500 ірі әлеуетті жоба дайындаған. Оның жалпы құны – 1,6 трил­лион теңге. Алғаш рет екінші деңгейдегі отандық банк бұл жобаларды іске асыру үшін 500 миллиард теңгеге жуық өз қар­жысын салуға дайын екенін жеткізді. Жақын арада әлеуетті жобалардың тізімі жаңартылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің орын­басарына ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға бөлін­ген қаражаттың тиімді жұм­са­луына бақылауды күшейту және халықаралық деңгейде жос­пар­ланған іс-шаралардың сапалы дайындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.