Бүгін елордада кәсіпкерлерге Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы табысталды.
«Алтын сапа»: президенттік марапаттың жеңімпаздары анықталды
445
оқылды

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне бизнес өкілдері еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лауреаттарға ел экономикасына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, сыйлықтың көптеген жыл бойы игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

 «Баршаңызды «Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының өз мәресіне жетуімен құттықтаймын! Біз жыл сайын осы салтанатты жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерге құрмет көрсетеміз. Бұл – талай жылдан бері жақсы дәстүрге айналған маңызды іс-шара. Қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл – шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни, еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Үздік индустриялық жоба» арнайы сыйлығын Қостанай облысының сүт және ашытылған сүт өнімдерін өндіретін «ДЕП» ЖШС алды. Ал «Үздік инновациялық жоба сыйлығын Маңғыстау облысының  CleanFieldKazakhstan  алды. Жеңімпаз ЖШС бұрғылау, мұнай қоқыры, ластанған топырақ және басқа да мұнаймен ластанған жерлерді мұнайдан тазалайды.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы және «Атамекен» ҰКП басшылығына кәсіпорнымызға жоғары баға бергеніне ризашылығымызды білдіреміз. 2021 жылы өндірістік кешенімізді келісімшарттық аумаққа орналастырдық. Қазақстанда алғашқы болып аралас технологиямен мұнай-газ қалдықтары сіңген топырақты өңдеу бойынша еуропалық жабдық пен әдістеме пайдаландық. Өз жұмысымызды бүкіл республика аумағында таратуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Қазақстанда тіркелген мұнай сервистік ұйым ретінде шетелдерге экспорттауды да көздеп отырмыз», – деді жеңімпаз,  CleanFieldKazakhstan ЖШС директоры Бектас Әбдіманапов.

 Марапаттау рәсімінде  CleanFieldKazakhstan  ЖШС және басқа компаниялардың өнімдері фойеде инсталляция ретінде ұсынылды. Бұл өнімдерді «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов пен «Атамекен» ҰКП төралқасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова  Мемлекет басшысына таныстырды.

 Атап айтқанда, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы таныстырылды. Бұл жобаны Ұлттық палата жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтер құру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру мақсатында іске асырады.

  «Биыл біз жоба ауқымы мен градациясын кеңейттік. Сондықтан байқауға шағын және орта бизнес те қатысты. Олардың өнімдері өңірде «Бір ауыл – бір жоба»  шеңберіне стендтерде таныстырылды. Бұл идея биыл сынақтан өтті, ал келесі жылы шағын және микробизнеске арналған жеке «Алтын сапа» сыйлығы болады. Біз локализация мен қазақстандық қамтуға да назар аудардық. Екінші стендте жеңіл өнеркәсіп өнімдері ұсынылған. Бүгін Мемлекет басшысы стендті қарап, бүгінгі күннің аязында шараға отандық аяқкиім киіп келгенін айтты. Бұл да үлкен көрсеткіш», – деді «Атамекен»  Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Райымбек Баталов.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы жыл сайын өтеді. Байқауда «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын», «Азық-түлік және/немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» атты 4 номинациядан бөлек, «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлықтары қарастырылған.

 Сыйлықтың 14 лауреаты дипломдар, байқау эмблемасымен және жеңімпаздарды келесі кезең – ТМД-ның Өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы байқауына қатысуын ынталандыру үшін 450 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталады. 

 Еске салсақ, байқаудың басты мақсаты – отандық өнімнің сапасын арттыру. Ұйымның өнім немесе қызмет сапасы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізуі, өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізуі басты критерий саналады. Биыл байқауға қатысуға 221 компания өтінім берген.