2024 жылдан бастап елімізде "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылмақ. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтаушы шотына аударылмақ.
Алдағы жылы балаңыз Ұлттық қордан қанша ақша алады?
massaget.kz
10,900
оқылды

Жалпы, Қазақстанда кәмелетке толмаған 6,7 миллионнан астам бала тұрады. Бұл туралы Іnbusiness.kz хабарлады. 

"Ұлттық қор – балаларға" жобасына 18 жасқа толмаған қазақстандықтар қатыса алады. Егер кәмелет жасына жетпеген бала Қазақстан азаматтығынан бас тартып әрі шетелге көшіп кететін болса, онда оған қаражат аудару тоқтайды. Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, онда бұл бағдарламаға әрі қарай да қатыса береді. Осы тұста қаржы барлық балаға тең бөлінеді. Олар арнайы есепшотта жинақталған қаржыны 18 жасқа толғаннан кейін ғана ала алады. Ақшаны тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсауына мүмкіндік бар. Тіпті шетелде оқимын десе де, мемлекет оған рұқсат беріп отыр.

Бағдарламаға қатысу үшін балаларға есепшот ашу талап етілмейді. Себебі арнайы шот автоматты түрде ашылады. Бар болғаны электронды үкімет порталында балаларының ЖСН деректері болса, соның дұрыс-бұрыстығын тексерген абзал. 2024 жылдан бастап eGov және БЗЖҚ порталдары арқылы шотқа түскен қаржы мөлшері туралы да біліп отыруға болады. Жыл сайын түсетін төлем доллармен сақталады. Егер бала қайтыс болса, онда Ұлттық қордан бөлінген төлем оның мұрагеріне (ата-анасы, қамқоршысы немесе басқа да заңды өкілдері) беріледі.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, кәмелеттік жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордың 2005-2022 жылдардағы орташаланған кірістілігін ескере отырып, қаражат есептеледі. 18 жасқа жетпегендерге қаржыны пайдалануға болмайды. Алғашқы төлем 2024 жылдан бастап жүргізіледі. Бұл уақытта 18 жасқа жеткендер электронды платформаға жүгіне алады. Келесі жылы кәмелетке толатын 200 мыңнан астам бала тиісті төлемді пайдасына жарата алады. 

Шоттағы ақшаны алу үшін 18 жасқа жеткен балаға уәкілетті органдарда (екінші деңгейлі банктер, "Қазпошта") шот ашу қажет. Бағдарламаның тиісті тәртібі арқылы осы жылдар аралығында жинақталған соманы өз шотына аудара алады. Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жүйеге туғаннан бастап қатысатын балаларға 18 жылда шамамен 3 мыңнан 4 мың долларға дейін төлем түседі.